Қорытынды есеп – 5:2
Қырғызстанның Бішкек қаласында өтіп жатқан International Talents Cup турнирінде Қазақстанның 16 жасқа дейінгі жасөспірімдер құрамасы үшінші ойынын өткізді.
Ерлен Бекмұхаев шәкірттері бұл кездесуде Тәжікстан құрамасымен кездесті. Қазақстандықтардың бастапқы құрамы: Мирахматов, Турищев, Тоқтасын, Қаси, Әбжапар, Салимов, Дутпаев, Сарсымбаев, Зару, Маратов, Асан.
Ойынның алғашқы минуттары қазақстандықтар үшін сәтсіз басталды – қарсылас 10-минутқа дейін екі гол соғып үлгерді. Ал 38-минутта есеп 3:0-ге жетті. Дегенмен бірінші таймның соңына таман Мирас Салимов есеп айырмасын қысқартты.
Екінші таймда тәжікстандық футболшылар тағы екі рет мергендік танытып, есепті 5:1-ге жеткізді. Қазақстан сапынан Тамерлан Сарсымбаев бір голмен жауап қатты. Қорытынды есеп – 5:2, Тәжікстан құрамасының пайдасына.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстан U-16 құрамасы турнирдегі алғашқы ойында Өзбекстанды 1:0 есебімен жеңсе, екінші матчта дәл осындай есеппен Қырғызстан құрамасына жол берген еді.