Жарнама
Жарнама

Зайнутдиновтың жағдайы белгілі болды: осымен бәрі бітті ме?

Редактор
Бүгін, 15:48

Бұған дейін Зайнутдинов Сербияға барып, жергілікті маманның көмегіне жүгінген

Фото: ФК "Динамо"

Қазақстан құрамасының жартылай қорғаушысы Бақтиер Зайнутдинов қазіргі уақытта жарақатына байланысты толыққанды жаттығуларға қатыса алмай отыр.

Мәскеудің «Динамо» клубында өнер көрсететін футболшы әлі де ем қабылдауды жалғастыруда. Бұған дейін Зайнутдинов Сербияға барып, жергілікті маманның көмегіне жүгінгені хабарланған еді.

Ойыншыны мазалап жүрген негізгі мәселе – санның ішкі бұлшықетінің (приводящая мышца) жарақаты. Осы жағдай оған толық көлемде жаттығу жасауға мүмкіндік бермей отыр. Клуб пен ойыншы денсаулыққа қауіп төндірмеу үшін емдеу процесін жеделдетпей, барынша сақтық танытуда.

Қазіргі таңда тараптар жарақатты толық емдеу жолдарын қарастырып жатыр. Дегенмен, футболшының жақын арада алаңға оралуы екіталай. Тіпті жағдайы жақсарған күннің өзінде, оған қайтадан ойын формасын қалыпқа келтіруге уақыт қажет болады.

Айта кетейік, 27 жастағы жартылай қорғаушы өткен жылдың 19 қазанынан бері ресми матчтарға қатысқан жоқ. Сонымен қатар, ол қысқы оқу-жаттығу жиынындағы жолдастық кездесулерде де алаңға шықпады.

2025/26 жылғы маусымда Зайнутдинов «Динамо» сапында 10 матч өткізіп, бір сары қағаз алған. Бұған дейін клуб оны Бешикташ командасынан 2,5 миллион еуроға сатып алған болатын.

Қазіргі уақытта футболшы клубтың медициналық штабының бақылауымен оңалту шараларын жалғастыруда. Оның нақты қашан алаңға оралатыны әзірге белгісіз.

Реклама
Реклама