Португалдық шабуылшы мансабындағы голдар санын 967-ге жеткізді
Сауд Арабиясы чемпионатының (Про Лига) 27-турында «Әл-Наср» өз алаңында «Әл-Наджма» клубын қабылдап, 5:2 есебімен ойсырата жеңді.
Матчтағы есепті қонақтар ашты. Ойынның 44-минутында Ракан Әл-Тулайхи гол соғып, «Әл-Наджма» жанкүйерлерін бір қуантқан. Алайда, небәрі бес минутта алаң иелері қатарынан екі гол соғып, қарсыластың қуанышын су сепкендей басты. Гол авторлары: Абдулла әл-Хамдан мен Садио Мане.
Үзілістен кейін Фелиппе Кардосо есепті теңестірді. Дегенмен, қонақтардың бұдан әріге шамасы жетпеді. Алдымен Криштиану Роналду 56-минутта пенальтиден гол соқса, 73-минутта ол әріптесінің берген пасын алыс бұрышқа дәл қадады. Ал, төреші қосқан қосымша минутта Садио Мане ойындағы соңғы нүктені қойды.
Бұл – Роналдудың жарақатынан кейін өткізген алғашқы ойыны. Португалдық шабуылшы бұған дейін жамбасын ауыртып алған болатын. Енді оның голдар саны 967-ге жетіп отыр. Ал, «Әл-Наср» болса осы жеңістің нәтижесінде 70-ші ұпайына қол жеткізіп, турнир кестесінің бірінші сатысына нық жайғасты.