Жарнама
Жарнама

«Қайрат» Алматыда «Астананы» аяған жоқ

Редактор
05.04.2026, 20:45

10 ұпаймен турнир кестесінің бірінші орнына көтерілді

"Қайрат" клубының баспасөз қызметі

Қазақстан Премьер-лигасының 4-турында Алматының «Қайраты» өз алаңында елордалық «Астананы» қабылдап, 4:0 есебімен ірі жеңіске жетті.

Орталық стадионда өткен турдың басты матчында алаң иелері алғашқы минуттардан-ақ басымдық танытты. Рафаэль Уразбахтин шәкірттері жоғары қарқынмен бастап, қарсылас қақпасына жиі қауіп төндірді.

Есеп 10-минутта ашылды. Дастан Сәтпаев пен Эдмилсон ұйымдастырған шабуылды Жоржиньо нәтижелі аяқтап, «Қайратты» алға шығарды. Араға 12 минут салып алматылықтар есеп айырмасын ұлғайтты. Бұл жолы Ойва Юкколаның пасынан кейін Дастан Сәтпаев бос қақпаны дәл көздеді.

Бірінші таймның соңына қарай «Қайрат» қарсыласын толықтай тығырыққа тіреді. 41-минутта Жоржиньо өзінің екінші голын соғып, дубль авторы атанды. Ал қосымша минутта Александр Мартынович айып добынан кейінгі қарбаласта мергендік танытып, матчтағы соңғы нүктені қойды – 4:0.

Екінші таймда «Астана» есепті қысқартуға тырысқанымен, «Қайрат» қорғаныста сенімді ойнап, жеңісті уыстан шығарған жоқ. Керісінше, алаң иелері тағы бірнеше қауіпті шабуыл ұйымдастырып, есепті одан сайын ұлғайтуға мүмкіндік алды.

Осылайша, «Қайрат» биылғы маусымдағы төртінші турында аса маңызды жеңіске қол жеткізіп, 10 ұпаймен турнир кестесінің бірінші орнына көтерілді. Ал 7 ұпайы бар «Астана» бесінші орынға сырғыды.

Айта кетейік, алғашқы үш турда да екі команда екі жеңіс пен бір тең ойын тіркеп, маусымды сәтті бастаған еді.

Келесі турда «Қайрат» сырт алаңда «Тобылмен» кездессе, «Астана» өз алаңында «Ордабасыны» қабылдайды.

Реклама
Реклама

Материалда: