Жарнама
Жарнама

Танымал футбол маманы «Тобылдың» жағдайына алаңдаушылық білдірді

Редактор
Бүгін, 18:24

Ол ҚПЛ-дағы клубтардың мүмкіндіктеріне тоқталды. 

"Хан Тәңірі" ФК

Футбол аңызы Асқар Қожабергенов Қазақстан Премьер-лигасының жаңа маусымы мен даулы мәселелерге қатысты пікір білдірді.

Оның айтуынша, биылғы маусым құрылымдық тұрғыдан тұрақтылығымен ерекшеленеді.

«Қазір Премьер-лигада 16 команда ойнап жатыр. Бұрын кей турларда кейбір командалар ойын өткізіп алатын жағдайлар кездесетін, қазір ондай жоқ – бәрі жүйелі. Бұл – чемпионаттың сапасына оң әсер етеді», – дейді ол.

Дегенмен маусымның басы болғандықтан, ойындардың сипаты әлі толық қалыптасып үлгермеген.

«Маусым енді басталды. Командалар біртіндеп бабына еніп келеді. «Қайрат» чемпион ретінде деңгейін көрсетіп, Чемпиондар лигасына дайындықты бастап кетті. Жалпы, жанкүйерлердің үмітін ақтап жатыр. Бірақ чемпиондыққа үміткер командалардың ешқайсысы әлі тұрақты ойын көрсетіп жүрген жоқ», – деп атап өтті Қожабергенов.

Сарапшыны ерекше алаңдатқан клубтардың бірі – «Тобыл». Турнир кестесінің соңында келе жатқан командаға қатысты түрлі сын айтылып жатыр.

«Жанкүйерлер бұл маусымнан көп үміт күтті. «Тобыл» Суперкубокта «Қайратты» жеңіп, жақсы бастап еді. Бірақ чемпионатты өте сәтсіз өткізіп жатыр. Дегенмен алғашқы турларда қарсыластары да осал болған жоқ – негізінен көшбасшылармен ойнады. Сондықтан асығыс шешім қабылдамай, бапкерге уақыт беру керек деп ойлаймын», – дейді маман.

Сонымен қатар ол клубқа шақырылған ресейлік мамандардың рөлі әзірге түсініксіз екенін жасырмады.

Ал «Ақтөбедегі» жағдайға тоқталған ардагер соңғы айларда клуб маңындағы тұрақсыздықтың байқалғанын айтты.

«Бапкердің тағдыры бірнеше ай бойы талқыланды. Енді жаңа инвесторлар келіп, өзгерістер енгізіп жатыр. Бірақ танымал футболшыларды қатарға қосу пиар қадамнан бөлек ештеңе емес. Оның нақты пайдасы бола ма, болмай ма – оны уақыт көрсетеді», – деді ол.

«Ордабасыдағы» жағдай да назардан тыс қалмады. Шымкенттік клуб өз алаңында «Атырауды» қабылдап, 1:1 есебімен аяқталғанымен, төрешінің әрекетіне қатысты сын үдеп барады.

«Өкінішке қарай, бұл ойынды көрген жоқпын, бірақ төрешілерге қатысты мәселелердің әлі де өзекті екені жаныма батады. Қаржылық тұрғыдан мықты клубтардың бірі болғанымен, басқару жүйесінде тұрақтылық жетіспейтін сияқты. Сондықтан кейбір маңызды шешімдерде қателіктер жіберіліп жатады», – деп түйіндеді Қожабергенов.

Ал сырт алаңда «Қайраттан» оңбай ұтылған «Астананың» болашағына сенім бар деп отыр.

«Иә, қазір қаржылық қиындықтар бар, бірқатар негізгі ойыншылар кетті. Құрам жасарып кетті. Бірақ бұл клубты есептен шығаруға болмайды. «Астана» – Қазақстан футболының бренді. Еуропада елдің абыройын асқақтатып жүрген команда. Сондықтан мұндай клубқа қолдау керек – әкімдік те, инвесторлар да көмектесуі тиіс», – деді ол.

Реклама
Реклама

Материалда: