Жарнама
Жарнама

«Төрешінің шешімі қате болды»: Федерация «Ордабасы» мен «Атырау» матчын талдады

Редактор
Бүгін, 11:04

ҚФФ мәліметінше, кездесудегі бірнеше маңызды шешім қате болған және бұл ойынның қорытынды нәтижесіне тікелей әсер еткен.

"Атырау" ФК баспасөз қызметі

Қазақстан футбол федерациясының Төрешілік және қадағалау департаменті директоры Нуну Каштру 2026 жылғы Премьер-лиганың 4-туры аясындағы «Ордабасы» – «Атырау» матчында болған даулы эпизодтарға ресми түсіндірме берді.

ҚФФ мәліметінше, кездесудегі бірнеше маңызды шешім қате болған және бұл ойынның қорытынды нәтижесіне тікелей әсер еткен.

82-минуттағы эпизодта қонақтардың №14 және №55 ойыншылары қақпаға өте жақын жерден баспен соққы жасаған. Осы сәтте «Атыраудың» №78 ойыншысы офсайд жағдайында тұрғанымен, ол «Ордабасының» №20 қорғаушысына ешқандай кедергі келтірмеген. Сондай-ақ қорғаушының допқа ойнауға нақты мүмкіндігі болмаған. Осыған байланысты ҚФФ бастапқыда голды есептеген төрешілер шешімі дұрыс болғанын, ал VAR-дың араласуы мен голдың кейіннен офсайдқа байланысты күшін жоюы қате болғанын мәлімдеді.

90+7-минутта алаң иелерінің №15 шабуылшысы мен қонақтардың №17 қорғаушысы айып алаңында допқа таласты. Департаменттің бағалауынша, қорғаушы допқа үлгермейтінін түсініп, жанасудан қашуға тырысқан, ал шабуылшы қозғалысын жалғастырып, әуедегі жеңіл байланысты өзі іздеген. Сондықтан бұл сәтте ереже бұзушылық болмаған. ҚФФ бұл эпизодта да VAR араласуы тиіс еді деп есептейді.

Ал төрешінің пенальти белгілеу туралы шешімі қате деп танылды.

Сондай-ақ 90+13-минуттағы эпизодқа да баға берілді. Допқа талас кезінде «Ордабасының» №17 ойыншысы қолын шетке ұстап, қарсыласының бетіне тигізген. Бас төреші ойынды бірден тоқтатып, айып добын белгілеп, алаң иесіне қызыл қағаз көрсеткен. Алайда ҚФФ бұл жағдайда қол «құрал» ретінде пайдаланылғанымен, артық күш қолданылмағанын атап өтті. Сондықтан дұрыс тәртіптік жаза қызыл емес, сары қағаз болуы керек еді.

Еске салайық, Қостанайлық төреші Санжар Ысқақов қызмет еткен матч үлкен даумен аяқталды. «Атырау» 1:0 есебімен алда келе жатқан сәтте қонақтардың голы есепке алынбай қалды. Осыдан кейін ойын барысы өзгеріп, көп ұзамай «Ордабасы» пайдасына пенальти белгіленді. Нүктеге келген Эльхан Астанов пенальтиді сәтті орындады.

Матч аяқталғаннан кейін жағдай одан әрі ушығып, «Атыраудың» бас менеджері Максат Тюмалиевтің қан қысымы күрт көтеріліп, стадионға жедел жәрдем шақырылған.

Осылайша, ҚФФ-ның ресми талдауы «Ордабасы» – «Атырау» матчындағы бірқатар негізгі төрешілік шешімдердің қате болғанын ресми түрде растады.

Реклама
Реклама