Килиан Мбаппе ПСЖ сапынан қашан кететіні нақты шешілді

Редактор
15.02.2024, 23:01

Алайда, оның қай клубқа ауысатыны әзірге белгісіз

Getty Images

Францияның әйгілі футболшысы Килиан Мбаппе ПСЖ президенті Нассер әл-Хелафиге клубтан қашан кететінін мәлімдеді. Белгілі болғандай, Мбаппе басқа командаға тікелей ауыспай, еркін агент статусын алады.

Инсайдер Фабрицио Романоның айтуынша, әзірге қос тараптың бір-біріне қандай талап айтқаны белгісіз. Дегенмен, Мбаппе осы жазда Парижден кетеді.

Футболшының ПСЖ-да қалмайтынын клуб президенті әл-Хелафи де растаған. Тараптар алдағы бірнеше айда барлық шарттың орындалуын қадағалайды. Ал, мадридтік «Реал» болса француз шабуылшысымен келіссөздер жүргізуді жалғастыруда.

ПСЖ мен Мбаппе арасындағы келісімшарт мерзімі биыл 30 маусымда аяқталады. Футболшы оны одан әрі жалғастырмайтынын басшыларына анық айтқан.

Айта кетейік, Килиан Мбаппе 2017 жылы «Монако» сапынан ПСЖ-ға ауысқан болатын. Биылғы маусымда ол ел чемпионатында 19 ойын өткізіп, 20 гол соққан.