«Тобыл» Қазақстан кубогы мен Суперкубокты жеңіп алған еді
Қостанайлық «Тобыл» футбол клубы бас бапкер Нұрбол Жұмасқалиевтің қызметінен кеткенін ресми түрде хабарлады.
Клубтың мәліметінше, Жұмасқалиевтің жетекшілігімен команда бірқатар маңызды жетістікке қол жеткізді. Атап айтқанда, «Тобыл» Қазақстан кубогы мен Суперкубокты жеңіп алып, ұлттық чемпионатта қола жүлдегер атанды.
«Тобыл» клубтың аңызы Нұрбол Жұмасқалиевке атқарған еңбегі, жоғары кәсібилігі және команданың дамуына қосқан зор үлесі үшін алғыс білдіреді, - делінген клубтың ресми мәлімдемесінде.
Нұрбол Жұмасқалиев 1981 жылы 11 мамырда дүниеге келген. Кәсіби ойыншылық мансабында «Нарын» (Орал), «Жетісу» (Талдықорған), «Тобыл» (Қостанай), «Астана» және «Ертіс» (Павлодар) клубтарының намысын қорғады.
Бапкерлік қызметін 2018 жылдан бері «Тобылда» жалғастырып келген ол бұған дейін Қазақстанның 21 жасқа дейінгі жастар құрамасында және ұлттық құрамада бас бапкердің көмекшісі ретінде де еңбек етті.