Қостанайлық «Тобыл» жаңа бас бапкер тағайындалғанын ресми түрде жариялады
Команданы енді беларусь маманы Мирослав Ромащенко жаттықтырады. Ол ойыншыларға таныстырылып, қызметіне кірісті.
Клубтың баспасөз қызметінің мәліметінше, Ромащенко жоғары деңгейде мол тәжірибеге ие. Әр жылдары «Томь» мен «Ахматты» басқарған, сондай-ақ Станислав Черчесов жетекшілік еткен бапкерлер штабында еңбек етіп, «Динамо» (Мәскеу), «Легия» (Польша) және «Ференцварош» (Венгрия) клубтарында жұмыс істеген. 2016-2021 жылдары Ресей құрамасының бапкерлер құрамында болып, халықаралық деңгейде тәжірибе жинақтады. Осы кезеңде Польша чемпионы атанып, Венгрия біріншілігін екі рет жеңіп алған.
Бұған дейін Ромащенко «Урал» клубын жаттықтырып, командамен бірге Бірінші лигада екінші орын иеленген.
Еске салайық, 21 сәуір күні «Тобылдың» бұрынғы бас бапкері Нұрбол Жұмасқалиев қызметінен кеткенін мәлімдеген еді. Оның жетекшілігімен қостанайлық ұжым Қазақстан Кубогы мен Суперкубогын жеңіп алып, 2025 жылғы маусымда чемпионаттың қола жүлдегері атанды.
Қазіргі таңда «Тобыл» 2026 жылғы Қазақстан Премьер-лигасының турнирлік кестесінде 6 турдан кейін 2 ұпаймен 15-орында тұр. Келесі ойынын қостанайлықтар өз алаңында Каспий клубына қарсы өткізеді.