Футболшының матч кезінде асқазаны ауырып, жағдайы күрт нашарлаған еді
Әлемдік футбол жұлдызы Криштиану Роналдудың бұрынғы жеке аспазы оның тамақтану тәртібінің құпияларын бөлісті.
Аспаз Джорджо Бароне айтуынша, «Әл-Наср» клубының шабуылшысы қатаң рацион ұстанып, кейбір өнімдерден толықтай бас тартқан. Соның ішінде Роналду сүт өнімдерін тұтынбайды. Аспаздың пікірінше, сүт – адам ағзасына аса қажетті өнім емес, ал оның баламалары әлдеқайда тиімді.
Футболшының күнделікті ас мәзірі негізінен теңгерімді әрі жеңіл. Таңғы асқа ол авокадо, жұмыртқа және қантсыз кофе ішеді. Түскі асында көбіне тауық еті, балық және міндетті түрде көкөністер болады. Көмірсуларды да Роналду ұн өнімдерінен емес, көкөністерден алады. Сондықтан оның рационында макарон, нан секілді тағамдар жоқ.
Кешкі аста көбіне балық немесе еттің жеңіл түрлері, оған көкөністер қосылады.
Айта кетейік, Криштиану Роналду 41 жасында да жоғары физикалық бабын сақтап, алаңда нәтижелі ойын көрсетіп келеді. Жақында «Әл-Иттифаққа» қарсы өткен кездесуде (1:0) Роналду 89-минутта ауыстырылған. Ойын барысында оның асқазаны ауырып, жағдайы күрт нашарлаған.