Жарнама
Жарнама

«Уразбахтинге көңіл толмайды»: «Қайраттың» бапкерін беларусь маманы алмастыруы мүмкін

Редактор
28.04.2026, 17:05

Алексей Шпилевский алматылық клубты 2019-2021 жылдары жаттықтырған

коллаж: 1bol.kz

Алматылық «Қайрат» клубында бас бапкер ауысуы мүмкін. БАҚ-та тараған ақпаратқа сәйкес, команда тізгінін қайтадан беларусь маманы Алексей Шпилевский ұстауы ықтимал.

Мәліметтерге қарағанда, клуб басшылығы соңғы матчтардағы нәтижелерге және халықаралық маусым алдындағы дайындыққа көңілі толмай отыр. Осыған байланысты бас бапкер қызметін күшейту нұсқасы қарастырылуда.

«ЖаркOFF» telegram арнасының хабарлауынша, «Қайрат» басшылығының қазіргі бапкер Рафаэль Уразбахтиннің жұмысына көңілі толмайды. Соған қарамастан, Уразбахтин командамен бірге Қазақстан чемпионатын екі мәрте жеңіп алып, ел Суперкубогын иеленген. Сонымен қатар клубты UEFA Чемпиондар лигасының негізгі кезеңіне шығарды. Оның «Қайратпен» келісімшарты 2027 жылдың соңына дейін жарамды.

Айта кетейік, Алексей Шпилевский алматылық клубты 2019-2021 жылдары жаттықтырған. Кейін Германияның «Эрцгебирге» клубында жұмыс істеп, одан соң кипрлік Арис Лимасол командасын басқарды. Ол клубпен бірге Кипр чемпионаты мен Суперкубогын жеңіп алған.

2025 жылы Шпилевский Ресейдің «Пари НН» клубының бас бапкері атанған еді. Алайда 2026 жылдың 28 сәуірінде тараптар келісімшартты өзара келісім негізінде бұзғаны белгілі болды. Команда соңғы алты матчта небәрі екі ұпай жинап, Ресей Премьер-лигасында турнир кестесінің төменгі сатысында қалған.

Реклама
Реклама