Жарнама
Жарнама

«Барселона» Эль-Класикода жеңіске жетіп, Испания чемпионы атанды

Редактор
Бүгін, 11:36

«Барселона» өз тарихында 29-рет Испания чемпионы атағын жеңіп алды

Getty Images

«Барселона» Испания чемпионатының 35-туры аясында өз алаңында «Реал Мадрид» клубын 2:0 есебімен тізе бүктіріп, мерзімінен бұрын Ла Лига чемпионы атанды.

«Камп Ноуда» өткен маусымдағы шешуші Эль-Класикода каталониялықтардың басымдығы алғашқы минуттардан-ақ байқалды. 9-минутта Маркус Рэшфорд айып добын шебер орындап, есеп ашты. Ал 18-минутта Ферран Торрес Дани Ольмотың нәтижелі пасынан кейін мадридтіктер қақпасына екінші голды соқты.

Кездесу алдында «Барселонаның» бас бапкері Ханс-Дитер Фликтің әкесін еске алу үшін бір минут үнсіздік жарияланды. Неміс маманының әкесі дәл Эль-Класико күні өмірден өткен.

Осылайша, «Барселона» қатарынан 11-жеңісіне қол жеткізіп, 91 ұпаймен чемпиондықты маусым аяқталуына үш тур қалғанда-ақ ресми түрде рәсімдеді. Каталониялық клуб Испания чемпионы атағын екінші жыл қатарынан жеңіп алып отыр.

Осылайша, «Барселона» өз тарихында 29-рет Испания чемпионы атағын жеңіп алды. Ал 77 ұпай жинаған «Реал Мадрид» турнир кестесінде екінші орынға тұрақтады. Дегенмен мадридтік клуб 36 чемпиондықпен Ла Лига тарихындағы ең көп титул иеленген команда болып қала береді.

Реклама
Реклама