Жарнама
Жарнама

ҚФФ клубтардың төрешілік мәселесіне қатысты мәлімдеме жасады

Редактор
Бүгін, 19:18

Клубтар төрешілік жүйесіне реформа жүргізуді ұсынған еді

ҚФФ

Қазақстан футбол федерациясы ел чемпионаттарындағы төрешілік сапасына қатысты клубтардың ашық үндеуіне пікір білдірді.

Бұған дейін Премьер-лига мен Бірінші лигада өнер көрсететін 15 клуб Қазақстан футбол федерациясының президенті Марат Омаровтың атына ашық хат жолдап, ұлттық турнирлердегі төрешілік деңгейіне алаңдаушылық білдірген болатын. Клубтар төрешілік жүйесіне реформа жүргізуді ұсынып, бұл бағыттағы жұмысты күшейту қажет екенін мәлімдеген.

Осы мәселеге байланысты Қазақстан футбол федерациясының бас хатшысы Александр Кеплин ресми түсініктеме берді. Оның айтуынша, аталған хат федерацияға ресми түрде келіп түспеген. Алайда құжат әлеуметтік желілер мен ақпарат құралдарында жарияланғаннан кейін ҚФФ клуб өкілдерімен арнайы кездесу өткізген.

«Әлеуметтік желілерде төрешілік мәселесіне қатысты клубтардың федерация президентіне жолдаған ашық хаты тарады. Бірден айтайық, бұл хат бізге ресми түрде түскен жоқ. Соған қарамастан, мәселе қоғам талқысына шыққан соң клуб басшыларымен кездесіп, жағдайды талқылауды жөн көрдік», — деді Кеплин баспасөз мәслихатында.

ҚФФ өкілінің сөзінше, көптеген клуб хаттың ашық ақпарат кеңістігіне тарап кететінін күтпеген.

«Клубтар үндеуге қол қойған кезде оның тек федерация басшылығына жететінін ойлаған. Көпшілігі хаттың БАҚ-та жарияланатынын немесе әлеуметтік желілерге тарайтынын білмеген», — деді ол.

Сонымен қатар федерация төрешілік сапасын арттыруға мүдделі екенін және бұл бағытта клубтармен байланысты күшейтуге дайын екенін жеткізді.

«Қазақстан футболы ең алдымен әділ әрі сапалы төрешілікке мүдделі. Бұл — біздің тікелей міндетіміз және жауапкершілігіміз», — деп атап өтті Кеплин.

Кездесу қорытындысында тараптар төрешілікке қатысты даулы эпизодтарды тұрақты түрде бірге талқылап отыруға және клубтар мен төрешілер департаменті арасындағы коммуникацияны нығайтуға келіскен.

Айта кетейік, ашық үндеуге «Астана», «Тобыл», «Ордабасы» бастаған 15 клуб қол қойған болатын. Олар ел чемпионатындағы төрешілік деңгейіне қатысты алаңдаушылық білдіріп, жүйелі өзгерістер қажет екенін айтқан еді.

Реклама
Реклама

Материалда: