Жарнама
Жарнама

«Жалақысыз жұмыс істеп жүрмін»: «Астана» басшысы инвестор іздеп жүргенін мәлімдеді

Редактор
Бүгін, 19:50

Клубтағы легионерлер қаржылық себептерге байланысты сатылған

ҚФФ

«Астана» клубының басшысы Саян Хамитжанов елордалық команданың болашағына қатысты пікір білдіріп, клубтың қазіргі уақытта нақты инвесторы жоқ екенін мәлімдеді.

Оның айтуынша, қазір клубты жекешелендіру мәселесі бойынша бірнеше әлеуетті инвестормен келіссөздер жүргізіліп жатыр. Алайда нақты келісім жасалмағандықтан, қандай компаниялармен жұмыс жүріп жатқаны әзірге жария етілмейді.

«Қазіргі таңда клубтың инвесторы жоқ. Бұл бағытта жұмыс жүргізіліп жатыр, бірнеше ықтимал инвестормен келіссөздер өтуде. Бірақ бұл өте күрделі мәселе. Құжаттарға қол қойылмайынша қандай да бір атаулар мен компаниялар туралы айтудың қажеті жоқ», – деді Хамитжанов Amanvibe.kz-ке берген сұхбатында.

Клуб басшысы «Астананың» Қазақстан футболындағы орны ерекше екенін атап өтті. Оның сөзінше, команда уақытша жобаға айналмауы тиіс.

«Астана» – үлкен клуб. Чемпиондар лигасының топтық кезеңіне шыққан алғашқы қазақстандық клуб, Еуропа лигасының плей-офф сатысына жеткен алғашқы команда. Сондықтан бұл бір маусымдық “ойыншық” емес. Мұнда жанкүйерлер, клуб және ел алдындағы үлкен жауапкершілік бар», – деді ол.

Сондай-ақ Хамитжанов жаңа инвестор келген жағдайда қандай қызмет атқаратынына қатысты да пікір білдірді.

«Мен қазірдің өзінде клубта жалақысыз, қоғамдық негізде жұмыс істеп жүрмін. Тіпті кей жағдайда өз қаражатымды да жұмсаймын. Сондықтан қандай да бір лауазымға таласпаймын. Қажет болса, көмектесуге дайынмын», – деді функционер.

Ол клубтың биыл кадрлық қиындықтарға тап болғанын да жасырмады. Бірқатар негізгі легионерлер қаржылық себептерге байланысты сатылған.

«Клубтың өмір сүруі үшін командадағы маңызды рөл атқарған бірнеше легионерді сатуға мәжбүр болдық. Сондықтан қазір жоғары мақсаттар туралы айту қиын», – деді Хамитжанов.

Айта кетейік, «Астана» Қазақстан Премьер-лигасының тоғызыншы турында Қызылжар клубын 2:1 есебімен жеңіп, турнир кестесінде 15 ұпаймен төртінші орынға көтерілген болатын.

Реклама
Реклама