«Оның көздегені – Еуропа чемпионаты»: ҚФФ басшысы Магомед Адиевтің жоспары жайлы айтты

Редактор
20.02.2024, 00:28

Бұған дейін Магомед Адиев болашақта Ресейге қайтатынын мәлімдеген болатын

Қазақстан футбол федерациясы

Қазақстан футбол федерацясының президенті Әділет Бәрменқұлов Қазақпаратқа берген сұхбатында ұлттық құрама бас бапкерінің жоспары туралы айтып, Грекиямен болатын ойынға өз болжамын айтты.

Еске салайық, 21 наурызда Қазақстан құрамасы Ұлттар лигасының плей-офф кезеңінде Грекиямен кездеседі. Жеңген жағдайда Люксембург – Латвия арасындағы матчтың жеңімпазымен бірінші орынға және Еуропа чемпионатына берілетін жалғыз жолдамаға таласады.

«Мен әрдайым жеңіске сенем. Оның үстіне, маған футболшылардың психологиясы мәлім, өйткені өзім спортшы болғам. Егер алаңдағы әрбірі ойын тағдыры өзіне байланысты екенін түсінсе, сәттілік біздің жақта болары сөзсіз», - дейді Ә.Бәрменқұлов.

Ол сондай-ақ, ұлттық құраманың бас бапкері Магомед Адиевтің болашағына қатысты да ойымен бөлісті.

«Мен ол үшін қуаныштымын, ол қазір сұранысқа ие маман. Магомед Мұсаұлы командада ауызбіршілік орнатты. Бәрі жұдырықтай жұмылды, нәтижесін өздеріңіз көрдіңіздер. Қазір ол Еуропаны көздеп отыр», - деді ҚФФ президенті.

Еске салайық, бұған дейін Магомед Адиев болашақта Ресейге қайтатынын мәлімдеген болатын.