Жарнама
Жарнама

Роналду «Әл-Насрмен» алғашқы чемпиондығын жеңіп алды

Редактор
Бүгін, 09:29

Криштиану Роналду дубль авторы атанды

Getty Images

Эр-Риядтың «Әл-Наср» клубы Сауд Арабиясы чемпионатының соңғы турында «Дамакты» ірі есеппен жеңіп, маусымның чемпионы атанды.

34-тур аясындағы кездесу «Әл-Авваль Парк» стадионында өтіп, алаң иелері 4:1 есебімен басым түсті.

Матчта португалиялық шабуылшы Криштиану Роналду дубль авторы атанды. Ол 63 және 81-минуттарда мергендігімен көзге түсті. Сондай-ақ «Әл-Наср» сапынан Садио Мане мен Кингсли Коман да гол соқты. Қонақтардың жалғыз добын пенальтиден Морлайе Силла енгізді.

Осы жеңістен кейін «Әл-Наср» 86 ұпай жинап, турнир кестесінің бірінші орнына тұрақтады. Клуб соңғы рет Сауд Арабиясы чемпионатын 2018/19 маусымында жеңген еді. Бұл – команда тарихындағы оныншы чемпиондық атақ.

Күміс жүлде «Әл-Хиляльге» бұйырса, үздік үштікті «Әл-Ахли» түйіндеді. Ал өткен маусымның чемпионы «Әл-Иттихад» биыл алғашқы бестікпен шектелді.

Айта кетейік, 41 жастағы Криштиану Роналду «Әл-Наср» сапындағы алғашқы ресми титулын жеңіп отыр. Португалиялық жұлдыз клубқа 2022 жылдың соңында ауысқан болатын.

Сондай-ақ Роналду маусым қорытындысы бойынша 28 голмен чемпионаттың үздік сұрмергендері тізімінде үшінші орын алды. Одан жоғарыда «Әл-Кадисия» шабуылшысы Хулиан Киньонес пен «Әл-Ахли» форварды Айван Тоуни орналасқан.

Реклама
Реклама