Жарнама
Жарнама

Неймар әлем чемпионатына қатыспауы мүмкін

Редактор
Бүгін, 18:57

Оның жағдайы ұлттық команда бапкерлер штабы мен дәрігерлерін алаңдатып отыр

Getty Images

Неймар 2026 жылғы әлем чемпионатына қатыспауы мүмкін. Бразилия құрамасының басты жұлдызы балтыр бұлшықетінен жарақат алып, оның жағдайы ұлттық команда бапкерлер штабы мен дәрігерлерін алаңдатып отыр.

RMC Sport таратқан мәліметке сәйкес, тәжірибелі шабуылшы жарақатты «Сантос» пен «Куритиба» арасындағы кездесуде алған. Матч 0:3 есебімен «Сантостың» жеңілісімен аяқталды. Ойын барысында Неймар оң аяғының балтыр тұсын зақымдап, алаңдағы қозғалысын еркін жалғастыра алмаған.

Кездесуден кейін футболшы бірден Бразилия құрамасының базасына барып, толық медициналық тексеруден өтті. Алайда алғашқы нәтижелер көңіл көншітпегені хабарланды. Дәрігерлер жарақаттың күткеннен күрделірек болуы мүмкін екенін жоққа шығармай отыр.

Қазір Неймардың әлем чемпионаты алдындағы жолдастық кездесулерге қатыспайтыны белгілі болып отыр. Ал оның мундиальда алаңға шығу мүмкіндігі ем қабылдау мен оңалту процесінің нәтижесіне тікелей байланысты болмақ.

Айта кетейік, 2026 FIFA World Cup турнирінде Бразилия құрамасы Марокко, Гаити және Шотландиямен бір топта ойнайды. Бұл дода тарихтағы ең ауқымды әлем чемпионаты болмақ. Алғаш рет турнирге 48 құрама қатысады.

Неймар үшін бұл әлем чемпионаты мансабындағы соңғы мундиальдардың бірі болуы мүмкін. Сондықтан оның жарақаты Бразилия жанкүйерлерін ғана емес, бүкіл футбол әлемін алаңдатып отыр.

Реклама
Реклама