Қазақстан 39 елдің арасында 21-сатыға жайғасты
2025/2026 жылғы маусымның қорытындысы бойынша Қазақстан УЕФА ұйымдастыратын клубтық турнирлерден түскен табыс көлемі жөнінен үздік 25 елдің қатарына кірді.
Өткен маусымда Қазақстанның атынан негізгі кезеңде тек алматылық «Қайрат» өнер көрсетті. Клуб УЕФА-дан 21,2 миллион еуро көлемінде қаржы алып, еліміздің қаржылық рейтингте 21-орынға көтерілуіне ықпал етті.
Алдын ала есеп бойынша Қазақстан 39 елдің арасында 21-сатыға жайғасты. Бұл көрсеткіш еліміздің бірнеше клубын негізгі кезеңге шығарған бірқатар мемлекеттерден озып шығуына мүмкіндік берді.
Қаржылық рейтингте Ұлыбритания көш бастап тұр. Тоғыз клубы негізгі кезеңде өнер көрсеткен ағылшын командалары жалпы 676 миллион еуро табыс тапқан. Екінші орында Испания (446,2 млн еуро), үшінші орында Германия (386,8 млн еуро) орналасқан.
Қазақстаннан кейін Украина (21,1 млн еуро, 2 клуб), Венгрия (19,4 млн еуро, 1 клуб), Сербия (19,0 млн еуро, 1 клуб), Румыния (14,0 млн еуро, 2 клуб) және Швеция (11,9 млн еуро, 2 клуб) тұр.
Айта кетейік, «Қайрат» Чемпиондар лигасының негізгі кезеңінде сегіз матч өткізіп, бір ұпай ғана жинағанымен, клубтың турнирге қатысуы Қазақстанға қомақты қаржылық табыс әкелді.
Алдағы маусымда Қазақстан атынан төрт команда УЕФА турнирлерінде бақ сынайды. «Қайрат» Чемпиондар лигасының іріктеу кезеңінде өнер көрсетсе, «Астана», «Тобыл» және «Елімай» Конференциялар лигасының іріктеу кезеңінен жолдама алуға талпынады.