Хулиан Альварес биыл 49 матч өткізіп, 20 гол соқты және тоғыз нәтижелі пас берді
Каталониялық «Барселона» Аргентина құрамасының шабуылшысы Хулиан Альваресті қатарға қосу бағытында алғашқы ресми қадамын жасады.
Белгілі инсайдер Фабрицио Романоның мәліметінше, испандық клуб мадридтік «Атлетикоға» 25 жастағы шабуылшы үшін 100 миллион еуро көлемінде ұсыныс жолдаған. Ұсынысқа қосымша бонустар немесе ойыншыларды айырбасқа беру шарттары енгізілмеген.
Журналистің айтуынша, соңғы тәулікте қалыптасқан жағдайға «Атлетико» басшылығының көңілі толмай отыр. Сонымен қатар Альварестің өзі клубпен арадағы келісімшартты бұзуға ниетті екенін жеткізген.
Хулиан Альварес биылғы маусымда мадридтік клуб сапында барлық турнирде 49 матч өткізіп, 20 гол соқты және тоғыз нәтижелі пас берді. Аргентиналық футболшы команданың негізгі көшбасшыларының біріне айналып үлгерді.
Сондай-ақ шабуылшы 2026 жылғы АҚШ, Мексика және Канадада өтетін әлем чемпионатына қатысатын Аргентина құрамасының кеңейтілген тізіміне енгізілген.
Егер трансфер жүзеге асса, бұл жазғы трансферлік нарықтағы ең қымбат келісімдердің біріне айналуы мүмкін.