Илья Буртовой небәрі 29 жасында өмірден өтті
Қарағанды облысында жол апатынан қазақстандық футболшы, футзалшы және балалар бапкері Илья Буртовой қайтыс болды.
Қаралы хабарды Қазақстан футзал қауымдастығы ресми түрде растап, марқұмның туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтты. Илья Буртовой небәрі 29 жасында өмірден өтті.
Белгілі болғандай, қайғылы оқиға Абай – Қарағанды тасжолында болған. Апат кезінде ауыр жарақат алған бапкер жедел түрде Қарағандыдағы ауруханаға жеткізілген. Дәрігерлер оның өмірін сақтап қалу үшін бар күшін салғанымен, алған жарақаттары тым ауыр болып, спортшының өмірін аман алып қалу мүмкін болмады.
Марқұм соңғы жылдары «Скаут» балалар футбол клубында бапкер болып қызмет атқарып, жас футболшыларды тәрбиелеумен айналысқан. Сонымен қатар ол «Elim-Ai» Көкшетау футзал командасының ойыншысы ретінде де танылған.
«Ол өз жұмысын шын жүректен жақсы көрді. Әр баланың дамуына бар күш-жігерін жұмсап, тәрбиеленушілерінің жетістігі үшін аянбай еңбек етті», – делінген «Скаут» футбол клубы таратқан мәлімдемеде.