Жарнама
Жарнама

Айбол Әбікен «Қайсармен» қоштасты

Редактор
Бүгін, 17:04
instagram.com/aibol_abiken

Қазақстан құрамасының жартылай қорғаушысы Айбол Әбікен мансабын Премьер-лиганың басқа клубында жалғастыруға жақын. Футболшы қызылордалық «Қайсардан» кетіп, петропавлдық «Қызылжармен» келісімге келген.

30 жастағы ойыншы «Қайсармен» келісімшартын мерзімінен бұрын бұзып, еркін агент мәртебесіне ие болды. Осыдан кейін ол «Қызылжар» клубымен келіссөздерді сәтті аяқтап, команда сапына қосылуға уағдаласқан.

Дегенмен трансфер әзірге ресми түрде жарияланған жоқ. Бұған Петропавл клубына салынған ФИФА трансферлік тыйымының әлі алынбауы себеп болып отыр. Тыйым жойылғаннан кейін клуб жаңа ойыншыны таныстырады.

Айбол Әбікен биылғы маусымда барлық турнирде 14 матч өткізіп, үш гол соқты және екі нәтижелі пас берді. Қазақстан құрамасының ойыншысы «Қайсардың» негізгі футболшыларының бірі саналды.

Қазіргі таңда «Қызылжар» Қазақстан Премьер-лигасының 13 турында 15 ұпай жинап, турнир кестесінің оныншы сатысында орналасқан.

Айта кетейік, бұған дейін Айбол Әбікен әлеуметтік желідегі парақшасында «Қайсар» клубымен қоштасып, командаға, жанкүйерлерге және клуб қызметкерлеріне алғысын білдірген болатын.

Құрметті «Қайсар» футбол клубының жанкүйерлері! Бүгін Қызылорда қаласына арнайы келіп, «Қайсар» футбол клубы басшылығымен кездесіп, өз еркіммен басқа клубқа ауысу туралы өтінішімді жеткіздім. Клуб тарапынан менің кетуіме байланысты ешқандай мәселе туындаған жоқ. Әрине, «Қайсар» мені өз құрамында сақтап қалуға ниетті болды. Алайда кәсіби мансабымдағы келесі қадамдарды саралай отырып өзгерістер жасауға бел будым. Бұл шешімім өзімді жаңа деңгейде сынап көруге берілген мүмкіндік деп есептеймін.

«Қайсар» менің кәсіби жолымдағы маңызды белеске, үлкен мектепке айналды. Командадағы жағдай тұрақты болды. Осы үшін клуб басшылығына, бапкерлер құрамына, медицина қызметкерлеріне, әрдайым жанымнан табылған командаластарыма шынайы алғысымды білдіремін.

Ең бастысы – Қызылорда халқына және «Қайсардың» адал жанкүйерлеріне ерекше алғыс айтқым келеді. Сіздердің қолдауларыңыз бен сенімдеріңізді әрдайым сезіндім. Қызылорда мен үшін тек футбол қаласы емес, жүрегімде мәңгі сақталатын ыстық мекенге айналды. Осында мен шынайы қолдауды, адал достарды және жанашыр жанкүйерлерді таптым, – деп жазды Айбол Әбікен.

Реклама
Реклама