Бұл шешім Өзбекстан мен Колумбия құрамалары арасындағы матчқа байланысты қабылданған
Өзбекстан билігі футболдан 2026 жылғы әлем чемпионатындағы ұлттық құраманың ойынына байланысты мемлекеттік мекемелердің жұмыс уақытын уақытша өзгертті.
18 маусым күні елдегі барлық мемлекеттік ұйымдарда жұмыс күні әдеттегіден екі сағат кеш басталып, қызметкерлер жұмысқа сағат 10:00-де келеді.
Президенттің баспасөз хатшысы Шерзод Асадовтың айтуынша, бұл шешім Өзбекстан мен Колумбия құрамалары арасындағы әлем чемпионаты матчына байланысты қабылданған. Кездесу Ташкент уақыты бойынша таңғы 07:00-де басталады.
«Азаматтарымыз ұлттық құраманы үйінде, отбасы мүшелерімен бірге отырып қолдай алуы үшін қосымша қолайлы жағдай жасалып отыр», – деді Асадов.
Ал жекеменшік кәсіпорындар жұмыс уақытын өз мүмкіндіктері мен өндірістік қажеттіліктеріне қарай дербес белгілейтін болады.
Айта кетейік, Өзбекстан құрамасы биыл алғаш рет футболдан әлем чемпионатының финалдық кезеңіне жолдама алып, тарихи жетістікке қол жеткізді. Сондай-ақ 18 маусым күні елде ұлттық құраманың әлем чемпионатына қатысуына арналған арнайы коллекциялық монета айналымға шығарылады.