Норвегия Бразилияға қарсы жеңілмеген жалғыз құрама мәртебесін сақтап қалды
футболдан әлем чемпионатының 1/8 финалында Норвегия құрамасы Бразилияны 2:1 есебімен жеңіп, өз тарихында алғаш рет әлем чемпионатының ширек финалына жолдама алды.
АҚШ-тың Ист-Ратерфорд қаласындағы «Метлайф» стадионында өткен кездесудің негізгі оқиғалары матчтың соңғы минуттарында өрбіді. 79-минутта Эрлинг Холанд Андреас Шельдеруптың әуелете асырған добын баспен қақпаға дәл бағыттап, есеп ашты.
90-минутта дәл осы қос ойыншы тағы да нәтижелі комбинация ұйымдастырды. Шельдеруптың пасынан кейін Холанд айып алаңы сыртынан керемет соққы жасап, дубль авторы атанды.
Бразилия құрамасы тек қосымша уақыттың 10-минутында ғана бір голмен жауап қайтарды. Неймар пенальтиді мүлт жібермей орындап, есеп айырмасын қысқартты.
Айта кетейік, кездесудің алғашқы таймында да бразилиялықтар 11 метрлік айып добын орындау мүмкіндігіне ие болған еді. Алайда 14-минутта Бруно Гимарайнстың соққысын Норвегия қақпашысы Эрьян Нюланд қайтара білді.
Осы матчтағы дубльдің арқасында Эрлинг Холанд әлем чемпионатының үздік сұрмергендері тізімінде Килиан Мбаппе мен Лионель Мессимен теңесті. Үшеуінің де еншісінде жеті голдан бар. Әлем чемпионаттары тарихында бір турнирде үш футболшының бірдей жеті гол соғуы бұрын-соңды болмаған.
Сондай-ақ Норвегия Бразилияға қарсы жеңілмеген жалғыз құрама мәртебесін сақтап қалды. Екі команда арасындағы кездесулерде скандинавиялықтар үш рет жеңіске жетіп, екі матч тең аяқталған.
Енді Норвегия ширек финалда Мексика мен Англия арасындағы кездесудің жеңімпазымен кездеседі.