Бразилия құрамасы Әлем чемпионатының 1/8 финалында Норвегиядан 1:2 есебімен жеңіліп қалды
Футболдан Бразилия құрамасының аңызы болған даңқты шабуылшы Роналдо өз елінің Әлем чемпионатында жеңілуіне кінәлі екі адамның атын атады.
Оның пікірінше, мундиальды ерте аяқтауға ең алдымен бас бапкер Карло Анчелоттидің қате шешімдері себеп болған.
«Шынын айтсам, бұл жеңіліс бапкерлер штабы қабылдаған қате шешімдердің салдары деп ойлаймын. Карло Анчелотти – футбол тарихындағы ең ұлы бапкерлердің бірі. Бірақ дәл осы чемпионатта ол тым көп қателік жіберді.
Жоао Педроның неге тізімге енбегенін әлі күнге дейін түсіне алмаймын. Ол тамаша маусым өткізді, керемет бабында болды. Ал қазіргі Бразилия құрамасына ойынға өзгеше серпін бере алатын шабуылшы қажет еді», - деп келтіреді Роналдоның сөзін Le Parisien басылымы.
Ал, сәтсіздікке кінәлі екінші адам деп ол Винисиус Жуниорды атады. Шабуылшы өз мүмкіндігін толық пайдаланған жоқ дейді Роналдо.
«Винисиус та жауапкершілікті өз мойнына алуы керек. Оның қаншалықты дарынды футболшы екенін бәріміз білеміз. Бірақ бұл әлем чемпионатында ол үмітті ақтамады. Ол клубтағыдай жоғары деңгейдегі ойынын бұл жолы көрсете алмады», - деп қосты Роналдо.
Еске салайық, Бразилия құрамасы Әлем чемпионатының 1/8 финалында Норвегиядан 1:2 есебімен жеңіліп қалды. Осылайша «Селесао» 36 жылдан бері алғаш рет ширек финалға шыға алмай, жанкүйерлері алдында ұятқа қалған.
Бразилия құрамасы – футбол тарихында Әлем кубогін ең көп жеңіп алған команда. Соңғы рет олар 2002 жылғы мундиальда топ жарды. Сол финалда Роналдо Германия қақпасына екі гол соғып, командасына жеңіс әкелген еді.