ЕО АҚШ ойыншысының қайта ойынға қосылғанына наразы
Еуропалық одақтың 72 депутаты Джанни Инфантино төңірегінде туындаған дауға байланысты ФИФА-ның әрекетін тексеруге шақырды.
Goal мәліметінше, депутаттар Еуроодаққа мүше 27 елдің ұлттық футбол қауымдастықтарының басшыларына ресми хат жолдап, АҚШ құрамасының шабуылшысы Фоларин Балогунның дисквалификациясының күшін жою туралы шешімнің қалай қабылданғанын тергеуді талап еткен.
Бұған дейін АҚШ президенті Дональд Трамптың Инфантиноға жеке хабарласып, жағдайға ықпал етуді сұрағаны туралы ақпарат тараған болатын.
Депутаттар өз хатында:
«Еуропалық футбол қауымдастықтары бұл мәселеге араласып, ФИФА-дан шешім қабылдау процесін тексеруді талап етуі тиіс. Тергеу барысында АҚШ құрамасы ойыншысының дисквалификациясының не себепті жойылғаны да анықталуы қажет», – деп мәлімдеді.
Өз кезегінде Инфантино айыптауларды жоққа шығарып, ФИФА-ның тәртіптік органдары толықтай тәуелсіз жұмыс істейтінін айтты.
«ФИФА-ның сот органдары тәуелсіз. Олар Дисциплинарлық кодекс негізінде және әрбір істің нақты деректеріне сүйене отырып шешім қабылдайды. Президент Трамппен сөйлескенімде тек істің тәуелсіз органдардың қарауында екенін және белгіленген тәртіппен шешілетінін түсіндірдім. ФИФА жүйесі дәл осылай жұмыс істейді және бұл қағидатты әрдайым сақтаймын», – деді ұйым басшысы.
Еске салсақ, Балогун Босния және Герцеговина құрамасына қарсы матчта (2:0) қызыл қағаз алғанына қарамастан, кейін Бельгияға қарсы әлем чемпионатының 1/8 финалындағы кездесуге (1:4) қатысқан. Аталған ойында шабуылшы нәтижелі әрекет жасай алмады, ал АҚШ құрамасы турнирмен 1/8 финал кезеңінде қоштасты.