Жарнама
Жарнама

Аргентина әлем чемпионаттарының мәңгілік рекордын жаңартты

Редактор
12.07.2026, 19:11

Аргентина Уругвайдың 70 жылдан астам сақталған рекордын бұзды

Getty images

Аргентина құрамасы футболдан әлем чемпионаттарының финалдық кезеңдерінде бұрын-соңды болмаған нәтижеге қол жеткізді.

Швейцария қақпасына үш гол соққан Лионель Скалони шәкірттері әлем чемпионаты тарихында қатарынан 12 матчта кемінде екі голдан соққан алғашқы ұлттық құрама атанды.

Бұл кездесуде аргентиналықтардың алғашқы голын 10-минутта Алексис Мак Аллистер соқты. Қосымша уақытта Хулиан Альварес (112-минут) пен Лаутаро Мартинес (121-минут) есепті еселей түсті. Айта кетейік, сол сәтте Швейцария құрамасы Бриль Эмболоның алаңнан қуылуына байланысты бір ойыншы кем өнер көрсетіп жатқан еді.

Аргентинаның нәтижелі сериясы 2022 жылғы Қатарда өткен әлем чемпионатында басталды. Сауд Арабиясынан күтпеген жеңілістен кейін команда Мексиканы 2:0 есебімен жеңіп, содан бері әлем чемпионатындағы әр матчта қарсылас қақпасына кемінде екі реттен гол соғып келеді.

Осылайша Аргентина бұған дейін Уругвай құрамасына тиесілі болған тарихи рекордты жаңартты. Уругвайлықтар 1930 жылдан 1954 жылға дейін қатарынан 11 матчта екі немесе одан да көп гол соғып, бұл көрсеткішті ұзақ жылдар бойы ешкімге бермеген еді.

Реклама
Реклама