Әлем чемпионатының жартылай финалында Аргентинадан жеңілгеннен кейін Англия құрамасының бас бапкері сәтсіздікке не себеп болғанын түсіндірді.
Айта кетейік, матч 2:1 есебімен Аргентинаның пайдасына шешілді. Ағылшындар ойынның 85-минутына дейін есепте алда тұрған. Алайда, матч аяқталуға бірнеше минут қалғанда Месси бастаған команда қатарынан екі гол соғып, жеңісті жұлып алды. Мұнан кейін футбол сарапшылары және әлеуметтік желі қолданушылары Англияның жеңілісіне бас бапкер Томас Тухельді, нақты айтқанда оның қолданған тактикасын кінәлады.
«Мұны миллион жаттықтырушымен талқылай аласыздар, бірақ алаңдағы шешімді мен қабылдауым керек. Матчты белгілі бір тактикамен өткіземіз деп талдадым, бұл үшін жауапкершілікті толық мойныма аламын. Сол сәтте ешнәрсеге өкінген жоқпын. Команда бар күшін салды, біз жеңіске өте-өте жақын болдық. Есепте алға шығуға лайық едік және жалпы алғанда, осы жарыстағы ең үздік матчтарымыздың бірін, бәлкім, ең үздігін өткіздік. Команда жоғары деңгейде өнер көрсетті. Өкінішке қарай, істі соңына дейін жеткізе алмадық, бірақ ешнәрсеге өкінбеймін. Біз жеңіске өте жақын едік.
Менің ойымша, біз бүкіл матч бойы өз мінезімізді көрсеттік және мықты ұжым екенімізді дәлелдедік. Біз өз мүмкіндігімізге сай ойнадық, мықты қарсыластарға қарсы шықтық, ұзақ жолдан өттік, он ойыншымен, аптап ыстықта жоғары деңгейде өнер көрсетіп, барлық қиындықты еңсердік. Қазір бүкіл турнирді талдайтын уақыт емес. Біз тек шешуші матчта жеңіліп, жарыстан шығып қалдық», — деді Тухель BBC-ге берген сұхбатында.
Енді Англия үшінші орын үшін Франциямен кездесу өткізеді. Ал, Әлем чемпионы атағы үшін Аргентина мен Испания таласады.