Испаниядағы жанкүйерлер Мессидің марапатына қарсы шықты
Испаниялық БАҚ мәліметінше, жанкүйерлер аргентиналық футбол аңызы Лионель Мессиді Астурия ханшайымы атындағы беделді спорт сыйлығынан айыруды талап етіп, 30-ға жуық петиция жариялады.
Change.org платформасында жарияланған үндеулерде жанкүйерлер Астурия ханшайымы қорының Мессиге сыйлық беру туралы шешімін қайта қарауды сұраған.
Петициялар Испания мен Аргентина арасындағы әлем чемпионатының финалынан кейін пайда болды. Олардың авторлары Мессидің турнир барысында көрсеткен әрекеті «спорттық этика мен өзара құрмет қағидаттарына қайшы келеді» деп есептейді.
Үндеулерде әсіресе Испания қосымша уақытта Ферран Торрестің голының арқасында Аргентинаны 1:0 есебімен жеңген финалдағы Мессидің реакциясы мен марапаттау рәсімі кезіндегі іс-әрекеті сынға алынған.
Бұдан бөлек, петиция авторлары Аргентина делегациясының кейбір өкілдерінің кубокты табыстау сәтіндегі және матч аяқталғаннан кейінгі әрекеттеріне де назар аударған.
Еске салайық, Лионель Месси 2026 жылдың 3 маусымында Астурия ханшайымы атындағы спорт сыйлығының иегері деп жарияланған болатын. Қазылар алқасы оның даңқты мансабын, қайырымдылық қызметін, алаңдағы үлгілі мінез-құлқын, қарапайымдылығы мен командалық ойынға адалдығын жоғары бағалаған.
Беделді марапатты салтанатты түрде табыстау рәсімі биыл қазан айына жоспарланған.