Жарнама
Жарнама

Дастан Сәтпаев әлемдегі ең танымал футбол ойынына енді

Редактор
Бүгін, 15:02

Оның есімі EA Sports FC 27 ойынында пайда болды

ФК “Челси”

Қазақстан құрамасы мен лондондық «Челси» клубының шабуылшысы Дастан Сәтпаев EA Sports FC 27 футбол симуляторының дерекқорына енгізілді.

SoFIFA порталында жарияланған алдын ала мәліметтерге сәйкес, 17 жастағы қазақстандық футболшының бастапқы рейтингі 66, ал даму әлеуеті 82 болып бағаланған. Оның негізгі позициясы – орталық шабуылшы (ST). Бұл көрсеткіштер әзірге алдын ала саналады және ойынның ресми шығарылымына дейін өзгеруі мүмкін.

Сәтпаевтың ойын базасына енуі оның «Челсидің» негізгі құрамындағы сәтті дебютімен тұспа-тұс келді. Қазақстандық шабуылшы Sydney Super Cup турнирінде Аустралияның «Уестерн Сидней Уондерерс» клубына қарсы кездесуде гол соғып, командасының 6:4 есебімен жеңіске жетуіне үлес қосты.

Матч қорытындысы бойынша Сәтпаев 7,6 рейтинг алды. Одан жоғары баға тек Жоау Педруға (9,8), сондай-ақ Джейми Байно-Гиттенс пен Дариу Эссугуға (8,1) берілді. Қазақстандық футболшы 63-минутта алмастырылды.

«Челси» маусым алдындағы келесі кездесуін 1 тамызда Лондонның «Тоттенхэм» клубына қарсы өткізеді.

Айта кетейік, Дастан Сәтпаев ағылшын клубының толыққанды ойыншысы 2026 жылдың 12 тамызында, 18 жасқа толған күні ресми түрде атанады. Ол әзірге маусым алдындағы турнеде 36-нөмірмен өнер көрсетіп жүр, алайда жаңа маусымда ойын нөмірі өзгеруі мүмкін.

Еске салайық, «Челси» Сәтпаевты алматылық «Қайраттан» шамамен 4,3 миллион еуроға сатып алған болатын. Бұл – Қазақстан футболы тарихындағы ең қымбат трансфер.

EA Sports FC 27 ойынының ресми шығарылымы 2026 жылдың 25 қыркүйегіне жоспарланған.

Реклама
Реклама

Материалда: