Таиландтағы матч қайғылы оқиғамен аяқталды
Таиландтың оңтүстігінде өткен футбол матчында найзағай түсіп, бір ойыншы қаза тапты.
Қайғылы оқиға Сунгай-Колок қаласындағы Santiphap стадионында болған. Матч барысында алаңға найзағай түсіп, салдарынан 24 жастағы SAMCOLTS командасының вингері Софван Авае көз жұмды. Тағы 12 адам түрлі жарақат алып, ауруханаға жеткізілді. Зардап шеккендердің арасында Малайзия азаматы да бар.
Жергілікті ақпаратқа сәйкес, найзағайдан ауыр жарақат алған футболшыға дәрігерлер дереу медициналық көмек көрсеткенімен, оның өмірін сақтап қалу мүмкін болмаған.
Оқиға Golok FA кубогы аясындағы SAMCOLTS пен Abu x Nong Sirin командалары арасындағы матч кезінде болған.
Әлеуметтік желілерде тараған видеода найзағайдың бірнеше футболшының жанына түскені, артынша қатты жарылыс дыбысы естілгені байқалады. Оқиғадан кейін командаластары футболшыны аман алып қалу үшін бірден алғашқы медициналық көмек көрсетуге тырысқан.
Басылымның мәліметінше, Таиландта мұндай қайғылы оқиғалар жиі тіркеледі. Ресми дерек бойынша, 2020–2024 жылдар аралығында елде найзағайдан 283 адам зардап шеккен.