Жарнама
Жарнама

Қазақстан құрамасына жаңа ойыншылар шақырылуы мүмкін

Редактор
Бүгін, 11:26

Ван ’т Шкип ұлттық құрамаға жаңа ойыншылар шақыруға дайын

ҚФФ

Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Джон ван ’т Шкип командаға жаңа ойыншылар шақыруға дайын екенін айтты. Нидерландтық маман қазір ел чемпионатындағы футболшыларды жіті бақылап, ұлттық құрамаға лайықты үміткерлерді іздеп жүр.

Ван ’т Шкип Қазақстан футболымен біртіндеп танысып жатқанын жеткізді. Ол бірнеше матчты стадионнан тамашалап, өзге кездесулердің бейнежазбаларын зерттеп жүргенін айтты.

Бас бапкердің сөзінше, ойыншыларды іріктеу кезінде олардың қазіргі физикалық жағдайы, шеберлігі, тактикалық дайындығы және алаңдағы әрекеті ескеріледі. Сонымен қатар футболшының мінезі, тәртібі және команда мүддесі үшін ойнай білуі де маңызды.

“Біз футболшылардың қазіргі бабын, шеберлігін, дене даярлығын, тактиканы түсінуін және матчтың түрлі кезеңдеріндегі әрекеттерін бағалаймыз. Сондай-ақ мінез-құлық, тәртіп және команда үшін ойнай білу қабілеті де өте маңызды. Осы орайда айта кететін басты жайт: барлық қазақстандық футболшылар бапкерлер штабының назарында. Ұлттық құраманың есігі баршаға ашық, өз ойынымен дәлелдей білген кез келген ойыншы мүмкіндік ала алады”, – деді бас бапкер ҚФФ баспасөз қызметіне берген сұхбатында.

Бас бапкер осыған дейін Талдықорған мен Астанада өткен Қазақстан чемпионатының бірнеше кездесуін тамашалаған. Алдағы уақытта ол қазақстандық клубтардың еурокубоктердегі ойындарын да стадионнан көруді жоспарлап отыр.

Айта кетейік, ұлттық құраманың алдағы басты міндеті – Ұлттар лигасындағы кездесулерге дайындалып, топта бірінші орын үшін күресу. Ван ’т Шкип бастаған бапкерлер штабы қазірдің өзінде алдағы ойындарға дайындық жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Реклама
Реклама