АҚШ нарығында оның бағасы 11 миллион доллардан асуы мүмкін
Эквадор полициясы Колумбия шекарасына жақын аумақта жүк көлігін тексеру кезінде 469 келі кокаин тәркіледі. Есірткі салынған қаптамалардың сыртында норвегиялық футболшы Эрлинг Холандтың суреті болған.
Құқық қорғау органдарына 11 тамыз күні таңертең анонимді хабарлама түскен. Осыдан кейін полиция Панамерикалық тасжолда жүк көлігін тоқтатып, тексеру жүргізген. Көліктің жасырын бөлігінен жалпы саны 370 бума кокаин табылған. Жүк көлігінің жүргізушісі қамауға алынды.
Полиция есірткі қаптамаларына Холандтың суреті не себепті жабыстырылғанын нақтылаған жоқ. Алайда Associated Press мәліметінше, есірткі саудасымен айналысатын қылмыстық топтар өз тауарларын белгілеу үшін танымал спортшылар мен басқа да атақты адамдардың есімдері мен суреттерін жиі пайдаланады.
Тәркіленген есірткінің Эквадордағы ішкі нарықтағы құны шамамен 842 мың доллар деп бағаланып отыр. АҚШ нарығында оның бағасы 11 миллион доллардан, ал Еуропада 19,6 миллион доллардан асуы мүмкін.
Бұл футболшылардың суреті есірткі қаптамасында алғаш рет қолданылуы емес. 2017 жылы Перуде Лионель Мессидің суреті бейнеленген қаптамалардан шамамен 1,5 тонна есірткі тәркіленген. Ал 2023 жылы Мәскеуде Латын Америкасынан жеткізілген 673 келі кокаиннің қаптамасынан аргентиналық футболшының суреті табылған.
Эквадор полициясы бұған қоса 13 тамызда тағы бір ірі операция жүргізіп, 1,5 тоннадан астам кокаин тәркіленгенін хабарлады. Есірткі Сан-Грегорио ауданындағы Муйсне муниципалитетінен табылған. Бұл аумақ қылмыстық топтардың есірткіні сақтау және тасымалдау үшін пайдаланған орны ретінде анықталған.
Қызығы, бұл жолы есірткі қаптамаларында футболшының емес, америкалық CNN телеарнасының логотипі болған.