Алғашқы кездесу 20 тамызда Қазақстанда өтеді
Алматылық «Қайрат» УЕФА Еуропа лигасының плей-офф кезеңінде бельгиялық «Андерлехтпен» кездеседі. Екі команда турнирдің негізгі кезеңіне берілетін жолдаманы сарапқа салады.
«Андерлехт» плей-оффқа үшінші іріктеу кезеңінде грекиялық ПАОК-ты жеңіп шыққаннан кейін жолдама алды. Екі матчтың қорытындысы бойынша бельгиялық клуб 4:2 есебімен басым түсті.
«Қайрат» пен «Андерлехт» арасындағы алғашқы кездесу 20 тамызда Қазақстанда өтеді. Қарымта матч бір аптадан кейін Бельгияда ұйымдастырылады.
«Андерлехт» – Бельгиядағы ең көп жүлде жеңіп алған клубтардың бірі. Брюссельдің аттас коммунасында орналасқан команда 1908 жылы құрылған. Бельгиялық алпауыт ел чемпионатында 34 рет жеңіске жеткен. Сонымен қатар клуб 9 рет Бельгия кубогын, 13 рет ел Суперкубогын иеленген.
«Андерлехттің» халықаралық аренада да жетістігі аз емес. Клубтың қоржынында Еуропаның бес жүлдесі бар. Команда өз алаңындағы матчтарын «Лотто Парк» стадионында өткізеді.
Екі ойынның жеңімпазы Еуропа лигасының негізгі кезеңінде өнер көрсету құқығына ие болады.