Маусымалды ойындарда Аламгир стамбұлдықтар сапында 5 матч өткізіп үлгерген
Қазақ футболының аңызы Самат Смақовтың ұлы Аламгир Смақов Стамбұлдың «Бешикташ» клубына қабылданды. Бұл туралы экс-футболшы өзінің Instagram-парақшасында жазған.
18 жастағы Аламгир Смақов «Қайрат» академиясының түлегі. Ол түрік футболының грандымен келісімшартқа отырып, жастар командасының сапына тіркелді.
Маусымалды ойындарда Аламгир стамбұлдықтар сапында 5 матч өткізіп үлгерген. Осы ойындарда ол екі гол соғып, бірнеше рет нәтижелі пас берді.
Жас дарынның әкесі болса ұлының осынау жетістігімен мақтанып, «Қайрат» академиясының басшысы Қайрат Боранбаевқа алғысын айтты.
«Сен бес жасыңнан бастап «Қайрат» футбол клубының жүйесінде болды, Қайрат отбасында болдың. Бәріне өзің қол жеткіздің, енді сенің футбол өміріңнің жаңа парағы ашылды. Өз мүмкіндігіңді жіберіп алма. Жаратушы ием екінші рет мүмкіндік бермейді.
Мен осы орайда Қайрат Советайұлына, клубтың бүкіл басшылық құрамына, бапкерлік штабқа, футбол клубының және академияның қызметкерлеріне баламды тәрбиелегені үшін алғысымды айтамын. Аламгир сіздердің үмітті ақтайды, мен оған сенемін», - деп жазды Самат Смақов әлеуметтік желіде.
Аламгир «Бешикташтың» жастар командасы сапында алдағы жексенбіде «Эюпспорға» қарсы ойын өткізеді.