Дастан Сәтпаев «Бернлидегі» мақсаты туралы айтты
Қазақстан құрамасының шабуылшысы Дастан Сәтпаев «Челсиден» «Бернлиге» жалға ауысқаннан кейін алғашқы сұхбатын берді.
18 жастағы футболшы жаңа клубтағы басты мақсаты – командаға көмектесіп, оны Англия Премьер-лигасына қайтару екенін айтты.
«Мұнда келгеніме өте қуаныштымын. Бұл менің мансабым үшін тамаша мүмкіндік. Өзімді көрсету үшін өте жақсы клубқа келдім. Командаға лайықты орнына, яғни Премьер-лигаға қайта оралуға көмектескім келеді», – деді Сәтпаев.
Қазақстандық шабуылшы үшін бұл Англия футболындағы алғашқы тәжірибе болмақ.
«Бұл – ағылшын футболындағы алғашқы тәжірибем. Жаңа кезеңді бастап, “Бернлиде” жақсы нәтижеге жетуге дайынмын», – деді ол.
Сәтпаев бұған дейін «Челси» сапында төрт жолдастық кездесуге қатысып, «Вестерн Сидней Уондерерс», «Тоттенхэм», «Ювентус» және малайзиялық «Джохор Дарул Тазимге» қарсы ойнады. «Вестерн Сидней Уондерерс» командасына қарсы матчта қазақстандық футболшы лондондық клубтағы алғашқы голын соқты.
Айта кетейік, Сәтпаев «Челсимен» жеті жылдық келісімшартқа қол қойған. Келісімде оны тағы бір маусымға ұзарту мүмкіндігі қарастырылған. Келісімшарт футболшы 12 тамызда 18 жасқа толғаннан кейін күшіне енді.