Қазіргі маусым оның футболдағы соңғы жылы болуы ықтимал
Португалия құрамасы мен «Әл-Наср» капитаны Криштиану Роналду кәсіби футболдағы мансабын жақын арада аяқтауы мүмкін екенін мәлімдеді.
41 жастағы футболшы Vogue журналына берген сұхбатында қазіргі маусым оның футболдағы соңғы жылы болуы ықтимал екенін айтты.
«Бұл менің футболдағы соңғы жылым болуы мүмкін. Артымда керемет мұра қалдырғым келеді», — деді Роналду.
Португалиялық шабуылшы мансабын аяқтағаннан кейін бос уақытын қалай өткізетінін де айтып өтті. Оның сөзінше, футболдан кеткен соң саяхаттап, демалып, падел ойнап, осы уақытқа дейінгі жетістіктерінен ләззат алғысы келеді.
«Болашаққа қатысты жоспарым қазірдің өзінде дайын. Өзім айналысатын дүниелер көп, сондықтан біреуін ғана атап айту қиын. Футболдан кеткеннен кейін өмірімде үлкен бос кеңістік пайда болуы мүмкін. Сол себепті уақытымды бір ғана іске емес, түрлі дүниелерге арнағым келеді. Көбірек демалып, саяхаттап, өзіме қатты ұнайтын падел ойнағым келеді. Сонымен қатар осы уақытқа дейін жеткен жетістіктерімнен, дәлірек айтқанда, біз бірге қол жеткізген дүниелерден ләззат алуды жалғастырғым келеді. Өйткені артымда үлкен құрбандықтар мен тынымсыз еңбекке толы 25 жыл тұр», – деді Роналду.
Айта кетейік, футболшының Vogue журналына берген сұхбаты оның Джорджина Родригеспен үйлену тойы қарсаңында жазылған. Роналду кәсіби футболда 25 жылға жуық уақыт өткізіп, осы кезеңде көптеген жүлде мен жеке рекордқа қол жеткізді.