Қаржыны еурокубокқа қатыспайтын клубтар да алады
Еуропалық футбол қауымдастықтарының одағы (УЕФА) еурокубоктардың негізгі кезеңдеріне қатыспайтын клубтарға берілетін ынтымақтастық төлемдерінің көлемін едәуір арттырды. Бұл бағдарлама аясында қазақстандық футбол клубтарына да қосымша қаржы қарастырылады.
УЕФА жаңа үш жылдық циклде ынтымақтастық бағдарламасына әр маусым сайын 308 миллион еуро бөлмек. Ал алдыңғы кезеңде бұл көрсеткіш 175–176 миллион еуро шамасында болған. Осылайша бағдарламаға бағытталатын жалпы қаржы көлемі айтарлықтай өсіп отыр.
Қаржыны еурокубокқа қатыспайтын клубтар да алады
УЕФА-ның түсіндіруінше, ынтымақтастық төлемдерінің негізгі мақсаты — Еуропа футболындағы спорттық тепе-теңдікті сақтау және клубтардың ұйымдастырушылық деңгейін көтеруге көмектесу.
Бағдарлама арқылы УЕФА ерлер арасындағы клубтық турнирлерден түсетін табыстың бір бөлігін еурокубоктарға қатысатын командаларға ғана емес, өзге клубтарға да бағыттайды.
«Ынтымақтастық төлемдері спорттық тепе-теңдікті сақтауға және клубтардың жоғары ұйымдастырушылық стандарттарға қол жеткізуіне көмектеседі. Ерлер арасындағы клубтық жарыстарымыздан түсетін табыстың бір бөлігі бүкіл Еуропадағы клубтардың барынша көп бөлігіне пайда әкелетіндей етіп қайта бөлінеді», – делінген УЕФА мәлімдемесінде.
Бағдарлама талаптарына сәйкес, УЕФА-ның ерлер арасындағы клубтық жарыстарына қатыспайтын жоғары дивизион командалары, сондай-ақ белгіленген талаптарға сай келетін екінші дивизион клубтары өздерінің ұлттық қауымдастықтары арқылы қаржылай қолдау ала алады.
Қазақстан клубтарына қаржы ҚФФ арқылы бөлінеді
2002 жылдан бері УЕФА мүшесі саналатын Қазақстан да аталған ынтымақтастық бағдарламасына қатысады. Қазақстандық клубтарға тиесілі қаражат Қазақстан футбол федерациясы арқылы бөлінеді.
Бұл қаржының мақсатты сипаты бар. Атап айтқанда, қаражат балалар мен жасөспірімдер футболын дамытуға, клуб академияларының жұмысын жетілдіруге, инфрақұрылымды жақсартуға және жас футболшыларды даярлау орталықтарын дамытуға жұмсалуы мүмкін.
Осылайша УЕФА-ның ынтымақтастық қорын 308 миллион еуроға дейін ұлғайтуы еурокубоктардың негізгі кезеңдерінен тыс қалған қазақстандық клубтардың да даму мүмкіндігін кеңейтпек.