Жарнама
Жарнама

Қазақстан кубогының финалында «Қайсар» мен «Ордабасы» кездеседі

Редактор
Бүгін, 10:54

Қазақстан кубогының жеңімпазы УЕФА Конференциялар лигасына қатысу құқығына ие болады

ФК «Ордабасы»

Қазақстан кубогының финалистері анықталды. Шешуші матчта «Қайсар» мен «Ордабасы» жүлде үшін таласады.

«Қайсар» финалға елордалық «Жеңіспен» өткен тартысты екі матчтың қорытындысы бойынша шықты. Қызылордалықтар алғашқы кездесуде өз алаңында 3:1 есебімен жеңіске жетіп, қарымта ойын алдында маңызды басымдыққа ие болған еді.

Астанадағы жауапты матчта «Жеңіс» алғашқы таймда екі гол соғып, интриганы қайта жандандырды. Алайда 27-минутта Зураб Тевзадзе алаңнан қуылып, елордалық команда қалған уақытты он ойыншымен өткізуге мәжбүр болды. Екінші таймда «Қайсар» екі рет жауап қайтарды. Матч 3:2 есебімен «Жеңістің» пайдасына аяқталғанымен, алғашқы ойындағы нәтиже қызылордалықтардың финалға шығуына жеткілікті болды.

«Қайсардың» биылғы кубоктағы жолы да оңай болған жоқ. Команда 1/8 финалда «Қайратты» 2:1 есебімен жарыстан шығарса, ширек финалда «Тобылмен» негізгі уақытта 1:1 ойнап, пенальти сериясында 5:3 есебімен басым түсті. Жартылай финалда «Жеңісті» қос матч қорытындысы бойынша тоқтатты.

Екінші финалист «Ордабасы» болды. Шымкенттік клуб жартылай финалдың алғашқы ойынында «Алтайды» 3:1 есебімен жеңген. Қарымта кездесуде өскемендіктер ерте гол соққанымен, «Ордабасы» бірінші таймның өзінде жағдайды өзгертіп, 2:1 есебімен жеңіске жетті.

Шымкенттіктер де кубок жолында сенімді нәтижелер көрсетті. 1/8 финалда «Каспийді» 3:0 есебімен жеңіп, ширек финалда «Жетісудан» 1:0 есебімен басым түсті. Ал «Алтайға» қарсы екі кездесуде де жеңіске жетіп, финалға жолдама алды.

Осылайша, Қазақстан кубогының басты жүлдесін «Қайсар» мен «Ордабасы» сарапқа салады. Финал тек трофей үшін ғана емес, келесі маусымдағы еурокубокқа жолдама тұрғысынан да маңызды болмақ: Қазақстан кубогының жеңімпазы УЕФА Конференциялар лигасына қатысу құқығына ие болады.

Финалдың нақты өтетін орны мен басталу уақыты ресми түрде жарияланғаннан кейін белгілі болады.

Реклама
Реклама