Тарихи жәдігердің құнын 10 миллион долларға дейін бағалаған
1986 жылғы әлем чемпионатындағы Аргентина мен Англия арасындағы әйгілі матчта қолданылған доп аукционда 3,35 миллион долларға сатылды. Бастапқыда ұйымдастырушылар тарихи жәдігердің құнын 10 миллион долларға дейін бағалаған.
Adidas Azteca добын Heritage Auctions аукцион үйі саудаға шығарды. Лоттың бастапқы бағасы 2,5 миллион доллар болған.
Бұл доптың футбол тарихындағы орны ерекше. Диего Марадона 1986 жылғы әлем чемпионатының ширек финалында Англия қақпасына соққан екі әйгілі голын дәл осы доппен енгізген.
Бірінші гол кейін «Құдайдың қолы» деген атаумен тарихта қалды. Марадона Англия қақпашысы Питер Шилтонмен допқа талас кезінде оны қолымен қақпаға бағыттаған. Матчтан кейін аргентиналық футболшы голды «Марадонаның басы мен Құдайдың қолы» соққанын айтқан.
Сол кездесуде Марадона тағы бір тарихи голдың авторы атанды. Ол алаң ортасынан доппен алға ұмтылып, бірнеше ағылшын футболшысын алдап өтіп, Шилтонды да қапы қалдырды. Кейін FIFA бұл голды «Ғасыр голы» деп атады.
Матч аяқталғаннан кейін допты кездесудің тунистік төрешісі Али Бин Нассер өзіне алып қалған. Ол тарихи допты 30 жылдан астам уақыт сақтаған. Кейін оның түпнұсқа екені арнайы сараптамалар арқылы расталған.
Айта кетейік, бұл доп бұған дейін де аукционға қойылған. 2022 жылы ол 2,37 миллион долларға сатылса, 2023 жылы ұсынылған баға жеткіліксіз болғандықтан сауда жүзеге аспаған.
Марадонаға тиесілі осы матчтың тағы бір жәдігері де рекордтық сомаға өткен. 2022 жылы аргентиналықтың Англияға қарсы ойында киген жейдесі Sotheby's аукционында 9,28 миллион долларға сатылған.