Матчтан кейін Сәтпаев «Бернли» сапындағы үздік ойыншы атанды
«Бернлидің» бас бапкері Ники Хайен «Мидлсброға» қарсы кездесуде алаңнан ақсаңдап шыққан Дастан Сәтпаевтың жағдайы туралы айтты.
Англия Чемпионшипінің төртінші турындағы матч 1:1 есебімен аяқталды. Негізгі құрамда шыққан 18 жастағы қазақстандық шабуылшы 80 минут ойнап, кездесу соңына қарай ауыстырылды. Алаңнан кетіп бара жатқанда ол санының артқы тұсын ұстап, жайсыздық сезінгенін байқатты.
Матчтан кейін Сәтпаев «Бернли» сапындағы үздік ойыншы атанды. Ники Хайен жас футболшының жағдайын нақтылау үшін медициналық тексеру жүргізілетінін мәлімдеді.
«Оны тексеруден өткізуіміз керек. Әзірге бұлшықеті құрысқан сияқты. Дастан жақсы матч өткізді. 18 жастағы ойыншының командаластарына үлгі болып жүргеніне қуаныштымын», — деді Хайен.
Бас бапкер Сәтпаевтың алаңдағы белсенділігі мен бірнеше қауіпті шабуыл ұйымдастырғанын атап өтті. Сондай-ақ ол қазақстандық футболшының қарапайым мінезі мен жаттығудағы еңбекқорлығы командаластарының құрметіне бөленгенін жеткізді.
«Дастан жеңіске деген зор ынта танытып, ойынға белсенді араласты және бірнеше қауіпті сәт жасады. Командадағылардың бәрі оны сыйлайды. Ол — өте қарапайым, ақкөңіл жігіт. Тынымсыз еңбектеніп, алаңда нәтижеге ықпал етуге тырысады», — деді маман.
Хайен Англия Чемпионшипінің физикалық тұрғыдан өте ауыр біріншілік екенін де жасырмады. Оның айтуынша, бапкерлер штабы жас шабуылшыны шамадан тыс жүктемеден қорғауға тырысып жүр.
«Ол жаңа ортаға бейімделіп келеді. Англиядағы лига өте қатал, сондықтан біз оны қорғауға тырысамыз. Бұл жолы бұлшықеті құрысқан сияқты. Ауыр жарақат болмайды деп үміттенеміз. Мұндай қарқында 90 минут ойнау тәжірибелі футболшылардың өзіне қиын, ал Дастан әлі өте жас», — деді «Бернли» бапкері.
Сәтпаевтың 5 қыркүйекте «Бристоль Ситиге» қарсы өтетін келесі матчқа қатысу-қатыспауы медициналық тексеруден кейін белгілі болады.