Футбол трансферлеріне 10 млрд долларға жуық қаржы жұмсалды
Халықаралық футбол федерациясы (FIFA) 2026 жылғы 1 маусым мен 2 қыркүйек аралығындағы халықаралық трансферлер туралы есебін жариялады. Жазғы кезеңде ерлер және әйелдер футболындағы бірқатар тарихи көрсеткіш жаңарды.
FIFA мәліметінше, ерлер футболында халықаралық трансферлерге жұмсалған қаржы 9,89 миллиард доллардан асты. Бұл — футбол тарихындағы ең жоғары көрсеткіш. Аталған кезеңде әлем бойынша 12 500-ден астам халықаралық ауысым тіркелген.
Трансферлік шығын бойынша Англия клубтары көш бастады. Олар жаңа ойыншыларға 3,02 миллиард доллардан астам қаржы жұмсаған. Италия клубтарының шығыны 1,1 миллиард, Испания клубтарынікі 940 миллион доллар болды. Одан кейін Германия — 904 миллион және Франция — 641 миллион доллар көрсеткішпен орналасты.
Ал ойыншыларын сатудан ең көп табыс тапқан ел — Франция. Француз клубтары трансферлерден жалпы сомасы 1,7 миллиард доллар кіріс алды. Англия клубтары 1,43 миллиард, Германия командалары 1,02 миллиард доллар пайда тапқан.
Әлем чемпионаты да трансфер нарығына айтарлықтай ықпал етті. 2026 жылғы әлем біріншілігіне қатысқан 47 елдің 267 футболшысы турнирден кейін клубын ауыстырды. Олардың трансферлерінің жалпы құны 3,3 миллиард доллардан асты.
Әйелдер футболында да тарихи рекорд тіркелді. Жазғы кезеңде 1406 халықаралық трансфер рәсімделген. Бұл бұған дейінгі ең жоғары көрсеткіштен 19,2 пайызға көп.
Әйел футболшылардың трансферлеріне жұмсалған қаржы 28,6 миллион долларға жетіп, былтырғы жазғы кезеңмен салыстырғанда екі еседен астам өсті. Бұл бағытта Англия клубтары 8 миллион доллар жұмсап, бірінші орынға шықты. Испания командаларының шығыны 6,6 миллион, Германия клубтарынікі 4,9 миллион доллар болды.
Әйелдер футболындағы трансферлерден ең көп кіріс Швеция клубтарына түсті — 4,2 миллион доллар. Одан кейін Англия мен Франция командалары орналасқан.