Жарнама
Жарнама

Дастан Сәтпаев бірнеше апта алаңға шықпайтын болды

Редактор
06.09.2026, 15:31

Футболшы «Мидлсброға» қарсы матчта жарақат алған

ФК “Бернли”

Қазақстан құрамасының шабуылшысы Дастан Сәтпаев жарақатына байланысты «Бернлидің» алдағы бірнеше кездесуіне қатыса алмайды. Бұл туралы ағылшын клубының бас бапкері Ники Хайен мәлімдеді.

18 жастағы футболшы Англия Чемпионшипінің төртінші турында өткен «Мидлсброға» қарсы матчта жарақат алған. Сәтпаев негізгі құрамда алаңға шығып, 81-минутта санының артқы жағындағы жайсыздыққа байланысты ауыстырылды. Соған қарамастан, ол кездесудің үздік ойыншысы атанды.

Алғашында бапкер қазақстандық футболшының аяғы тартылып қалған болуы мүмкін екенін айтқан еді. Алайда медициналық тексерістен кейін Сәтпаевтың қалпына келуіне бірнеше апта қажет болатыны белгілі болды.

«Өкінішке қарай, ол бірнеше апта ойнай алмайды. Мұндай белгілерге мұқият қарауымыз керек. Бұған дейін айтқанымдай, Дастан маусым алдындағы дайындықтан өтті, бірақ оны толыққанды деп айта алмаймыз. Ойыншыларға қажетті жүктеме берумен қатар, олардың денсаулығын да сақтауымыз қажет. Бұл жерде дұрыс тепе-теңдік табу маңызды», — деді Ники Хайен.

Сәтпаев жарақатына байланысты «Бристоль Ситиге» қарсы бесінші турдың кездесуін өткізіп алды. Қазақстандық шабуылшысыз ойнаған «Бернли» өз алаңында 1:2 есебімен жеңілді.

Футболшының алаңға оралатын нақты күні әзірге жарияланған жоқ. Болжам бойынша, ол Чемпионшиптегі бірнеше матчтан тыс қалады.

Сәтпаев осы маусымда «Бернли» сапында төрт кездесу өткізіп, оның үшеуін негізгі құрамда бастады. Қазақстандық футболшы ағылшын клубында «Челсиден» жалға алу келісімі бойынша өнер көрсетіп жүр.

Реклама
Реклама