«Қартамайтын» қазақстандық футболшы ел кубогінің рекордын жаңартты

Редактор
16.03.2024, 22:00

Ол 2016 жылы спорттағы мансабын аяқтап, 2022 жылы қайта оралды

KazFootball.kz

Алты жылдық үзілістен кейін кәсіпқой футболға оралған 36 жастағы Сергей Гридин Қазақстан кубогынының тарихындағы 16-ші голды соғып, топ-10 бомбардирдің қатарына қосылды.

Ол қазір Алматының «AKAS» командасының намысын қорғап жүр. Шабуылшы Қазақстан кубогы аясында «Хан Тәңірі» қақпасынан саңылау тапты. Бұл оның осы турнир аясындағы 16-ші голы.

Гридин әр жылдары «Алматы» (2 гол), «Цесна» (3 гол), «Тобыл» (4 гол), «Астана» (1 гол), «Ақтөбе» (4 гол), «Атырау» (1 гол) және «AKAS» (1 гол) сапында гол соққан. 

Қазақстан кубогындағы ең үздік сұрмерген – қарағандылық Андрей Финонченко. Ол «Шахтер» командасында ойнаған жылдары 23 рет мергендік танытқан. Одан кейін Мұрат Тілешев (23), Олег Литвиененко мен Нұркен Мәзбаев (20 голдан), Дәуренбек Тәжімбетов (18), Владимир Логинов (17),Әлібек Бөлешов (17), Арсен Тлехугов (16), Арман Смайылов (16) және осы Сергей Гридин тұр.

Биыл мамырда 37 жасқа толатын Сергей Гридин 2016 жылдан кейін кәсіпқой спортты тастап кеткен. 2022 жылы қайта оралды. Осы аралықта «Хан Тәңірі», «Жетісу» клубтарында ойнап үлгерді. Былтырдан бері тағы бір Алматының командасы «AKAS» намысын қорғап жүр. 

Жанкүйерлер оны 2011 жылы Қазақстан құрамасы сапында Әзербайжан қақпасына жасаған дублі арқылы жақсы таниды.