«Осасуна» жанкүйерлері Винисиусқа «өлім тіледі», судья қарсылық білдірген жоқ

Редактор
18.03.2024, 01:58

Бразилиялық шабуылшы жанкүйерлер тарапынан бұған дейін де буллингке ұшыраған

Getty Images

Футболдан Испания Примерасының 29-турында мадридтік «Реал» сырт алаңда «Осасунамен» кездескен болатын. Корольдік клуб 4:1 есебімен жеңіске жетті, ал Винисиус Жуниор дубль жасап, жергілікті жанкүйерлердің қаһарына ұшырады.

Ойын барысында трибунада отырған памплондық фанаттар «Винисиус, өл» деп айқайлаған. «Реал» капитаны Даниэль Карвахаль судьядан аталған жайтқа байланысты шара қолдануды сұрағанымен, Хуан Мартинес Мунуэр ешнәрсе естімегендей кейіп танытыпты. Ал, матч біткеннен кейін толтырылған хаттамадағы «жанкүйерлер тәртібі» деген жерге судья «ойдағыдай» деп жазып қойған.

Айта кетейік, Винисиус алдымен төртінші минутта есеп ашса, 64-минутта дубль жасады. Сондай-ақ, ол бірінші таймның соңында «сары қағаз» алған.