Қазақстан Грекиядан 0:5 есебімен ойсырай жеңілді

Редактор
22.03.2024, 02:44

Шацкийдің қақпасына кірген бес голдың үшеуі баспен соғылды

Қазақстан футбол федерациясы

Футболдан Қазақстан құрамасы биылғы Еуропа чемпионатына бара алмайтын болды. Ұлттар лигасының жартылай финалдық кездесуінде Магомед Адиев шәкірттері Грекиядан 0:5 есебімен жеңіліп қалды.

Матч бастала салысымен алаң иелері ойын тізгінін өз қолына алып, Қазақстан қақпасына қауіпті шабуылдар ұйымдастыра бастаған. Осындай сәттердің бірінде Бағдат Қайыров өз айып алаңында тәртіп бұзып, төреші гректердің пайдасына пенальти белгіледі. Анастасиос Бекасетас мүлт кетпей, небәрі 9-минутта есеп ашты.

15-минутта Димитриос Пелкас әуелеген допты баспен қақпаға дәл бағыттап есепті еселесе, 37 минутта Гиоргос Масурас есепті 3:0-ге жеткізді. Бірінші тайм аяқталар тұста Димитриос Курбелис Қазақстан қақпасына төртінші голды соқты.

Екінші таймда Қазақстан құрамасы гол соқты, бірақ өз қақпасына: ойынның 85-минутында Александр Марочкин әуелеп келген допты баспен қағып жіберем деп, өз қақпасын дәл көздеді.

Осылайша Магомед Адиев шәкірттері Ұлттар лигасының финалдық кезеңін аяқтап, Еуропа чемпионатына жолдама ала алмай елге оралады.