Рейтингте Қазақстаннан жоғары тұрған Люкембург туралы не білеміз?

Редактор
26.03.2024, 02:23

Бұл елде небәрі 600 мың халық бар

eastnews.ru

26 наурызда Қазақстан ұлттық құрамасы Люксембургпен кездеседі. Бұл – жолдастық матч. Люксембург Қазақстанның УЕФА-ға өткеннен бергі 43-ші қарсыласы болмақ. Екі құрама бұрын-сонды ойнамаған. Ал, біз Люксембург туралы не білеміз?

Құрлыққа тіке шығатын мүмкіндігі жоқ, Қазақстанның кейбір аудандарының көлеміндей ғана шағын мемлекеттің футболында қазір прогресс бар. Әйтпесе, бұрын Люксембургтің деңгейі Фаррер аралдары, Лихтенштейн, Андорра, Сан-Марино, Гибралтармен жобалас болатын. Ал қазір жағдай өзгерген. Әлемдік рейтингте де біраз сатыға көтерілген. Тіпті, Қазақстаннан жоғары тұр. Люксембург рейтингте 85-ші, Қазақстан 100-ші орынға жайғасқан.

Елдегі футболға деген дұрыс қарым-қатынастың арқасында Люксембург 2006-2018 жылдар аралығында 195-ші сатыдан 82-ші орынға көтерілді. Қазір ешкімге қолбала болатындай емес. Еуропаның алдыңғы құрамаларының өзі Люксембургпен ойын оңай соқпайтынын жақсы түсінеді.

Соңғы жылдары елдегі футболдың жаңа қарқын ала бастауына құраманың бұрынғы ойыншысы, қазір Люксембург футбол федрациясының президенті Пол Филипптің қосқан үлесі зор. Осы күні Еуропаның үздік чемпионаттарында Люксембург футболшылары да ойнап жүр. Ал 20 жыл бұрын мұны армандаудың өзі мүмкін емес секілді көрінетін.

«Осыдан 10 жыл бұрын кәсіби лигаларда ойнайтын футболшылардың саны артуы тиіс екенін түсіндік. Олардың Франция, Бельгия, Германияда ойнағаны қажет болды. Қазір біздің құрамада 25 футболшы бар. Оның 95 пайызы кәсіпқой лигаларда доп тебеді», - дейді Филипп.

Люксембург футболының қазіргі басшылығы елдегі лига жас таланттарды әрі қарай дайындауға дайын емес екенін түсінеді. Сондықтан оларды көршілес Еуропа елдеріне жіберуге тырысады.

Еуропаның топ чемпионаттары назар аудару үшін әлбетте дұрыс жүйе құру керек. Сондықтан үздіктерін 10 жастан таңдап алады. Олардың ұлттық орталыққа барып оқытады. Люксембург балалары 16-18 жасқа дейін осы орталықта дайындалады. Содан соң, үздік чемпионаттарға кетеді. Люксембург секілді 600 мың ғана халқы бар ел үшін қазіргі көрсеткіштері тәп-тәуір.

Люк Хольц бапкер жаттықтыратын ұлттық құрама былтырғы Еуропа чемпионатының іріктеу кезеңінде қатарынан үш ойынды жеңді. Атап айтсақ, Босния және Герцеговина (2:1), Лихтенштейн (2:0), Исландия (3:1) Люкембург футболшыларына үш ұпайдан ұстатты.

Ұлттар лигасында Түркиядан кейін өз тобында екінші орын алды. Сөйтіп, Грузиямен плей-оффта кездесті. Тбилисиде тіпті таразы басын да теңестірген. Бірақ голды санамай, қайта қарсыласқа қызыл қағаз көрсетті. Соның салдарынан жолдамаға жорықта жеңіліс тапты.

Қазіргі Люксембург құрамасындағы футболшыларға тоқталсақ, Жерсон Родригес бұған дейін «Шериф», «Динамо Киев», «Сивасспор» командаларында ойнаған. Қазір Словакияның «Слован Братислава» клубында өнер көрсетеді. Ол құраманың ең үздік сұрмергені (17 гол).

Франция мен Швейцария чемпионаттарында доп тепкен Кристофер Мартинс 2021 жылдан бері Мәскеудің «Спартак» клубында.

Ал, Германияның «Майнц» клубының намысын қорғайтын Леандру Мартинеш – қазіргі Люксембург құрамасының басты жұлдызы. Оның трансферлік құны 13 миллион евродан асады.

Одан бөлек, Аустрия, Болгария, Нидерланды, Франция, Норвегия чемпионаттарында доп тебетін футболшылары бар.