Қазақ футболы Еуропаға сай емес. "Ертістің" қарызын кім төлейді? Алдиктің арманы

Редактор
09.04.2024, 21:47

Танымал әнші Алдияр Жапарханов "Бірінші бол" жобасының қонағы болып, "Ертіс" клубының болашағы мен қазіргі жай-күйін, Қазақстан футболындағы пролемаларды әңгіме етті

1bol.kz

Алдияр Жапарханов БІРІНШІ БОЛ қонағы болуға былтыр уәде берген. Бірақ павлодарлық "Ертіс" клубының жағдайына алаңдап, банкроттыққа шақ қалған тарихи команданы қайта жандандыру жолында аянбай қызмет етіп, футбол туралы подкастымызға енді ғана жолы түсіп отыр.

Бүгінгі әңгімені ЕУРО-ға екі қадам қалғанда сүрінген Қазақстан құрамасы және еліміздегі спорт инфрақұрылымынан бастадық. "Астана Арена" жабық, онда жөндеу жұмыстары, Көшпенділер ойынына дайындық жүріп жатыр. Алматының орталық стадионы да UEFA талаптарына сай келмей қалуы мүмкін. 2016 жылы Орталық стадионда күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, УЕФА стандарты бойынша 4-ші категорияны алған еді. Сол уақыттан бері стадионның талапқа сәйкес келмейтін тұстарын ретке келтіруге уақыт берілген, алайда көрсеткен негізгі ескертулер бүгінге дейін орындалмаған екен. 

Ендеше Қазақстан ұлттық құрамасы алдағы матчтарын қайда өткізеді. Күзде Ұлттар лигасы келе жатыр, В дивизионында Австрия, Словения, Норвегия елдерімен бір квартетте ойнаймыз. Эрлинг Холанд, Мартин Эдегор, Давид Алаба сияқты атақты футболшылар қайда ойнайды? 

Әрине, негізгі әңгіме "Ертіс" клубының берешегі мен келешегі жайында болды. "Ертіс" клубын сақтап қалу жолында команда сапында ойнаған экс-футболшылардың бәрімен келіссөз жүргізілген. Кезінде уәде етілген жалақыны ала алмай кеткен Карлуш Фонсека 100 млн теңгеге жуық қарызын кешіретінін айтыпты. "Ертіс" сапында ойнаған сербиялық легионерлер де қарызын кешіретін болыпты. "Ертіс" құрамында ойнаған павлодарлық (жергілікті) футболшылардың бәрі де қарызын кешірім, өтеуін сұрамайтын болыпты. Қазақстандық 3-4 футболшы ғана қарызын өндіріп алуды көздеп отыр екен. 

"Ертіс" енді қашан Қазақстан премьер-лигасына оралады? Команда қашан еңсесін түзейді? "Ордабасы" биыл Еурокубок ойындарында ұзаққа шаба ала ма? Міне, осы және басқа да мәселелерді белгілі әзілкеш Марат Достаев пен "Ирина Кайратовна" резиденті Алдияр Жапарханов БІРІНШІ БОЛ жүргізушілерімен бірге талқылады.