50 жыл бойы «Ертіске» жанкүйер болған қария қайтыс болды

Редактор
15.04.2024, 12:15

Жергілікті жұрт оны «Хоттабыч» деп атайды

Pavlodarnews.kz

Жарты ғасырдан астам уақыт павлодарлық «Ертіс» клубына жанкүйер болған Анатолий Шушканов 85 жасына қараған шағында дүниеден өтті деп жазады Pavlodarnews.kz.

Қарт жанкүйерді жергілікті жұрт «Хоттабыч» деп атап кеткен. Ол «Ертістің» өз алаңында өткізген ойындардың ешбірін жіберіп алмай, стадионға келуге тырысатын.

«Клуб атынан Анатолий Шушкановтың отбасына көңіл айтамыз. Ұзақ жылдар бойы командамыздың жанкүйерінің нағыз бейнесі болды. Келешек жанкүйерлерге команданы қолдаудан үлгі тұтарлық тұлға. Анатолий Дмитриевичті ешқашан ұмытпаймыз», - деді «Ертіс» клубының директоры Ермек Ермекбай.

Екі жыл бұрын ол денсаулығының нашарлауына байланысты қызы тұратын Выборг қаласына көшуге мәжбүр болған. Кетерінде ол «Ертістің» қайта жаңғыруына сенім білдіріп, павлодарлық жанкүйерлерді белсенді болуға шақырыпты.

Анатолий Шушканов 1971 жылдан «Ертіске» жанкүйер болған. Ол стадионда өзі шығаратын түрлі тақпақтарымен белгілі болып, футбол сүйер қауым арасында ерекше құрметке ие болды.