Мәжіліс депутаты Магомед Адиевтің отставкасын өтініп сұрады (ВИДЕО)

Редактор
18.04.2024, 16:49

Футболдан ұлттық құрама соңғы төрт ойынның үшеуінде жеңілген

kff.kz

Мәжіліс депутаты Ринат Зайытов Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің отырысында Туризм және спорт министрі Ермек Маржықбаевтан Магомед Адиевтің отставкасын талап етті. Оның пікірінше, футболдан Қазақстан құрамасының бас бапкері қазіргі қызметіне лайық емес.

«Ел футболының жанкүйері ретінде өтінішім бар. Ұлттық құрамадағы бас бапкерге көз тиген секілді. «Ахмат» ойнаса да жеті гол кіргізеді, бізде ойнаса да бес гол кіргізеді. Осы кісінің біліктілігі жайлы мәселе көтеріп, ауыстыру керек сияқты», - деді Мәжіліс депутаты Ринат Заитов.

Ал, министр Маржықбаев болса кері пікірде. Ол Адиевтің жұмысын жоғары бағалап, бұдан кейін де шешен маманымен жұмысты жалғастыратынын айтты.

«Бас бапкер Адиев әзірге ауыспайды. Оның жұмысына біз тәнтіміз. Маманмен арадағы келісімшарт 2025 жылы аяқталады», - деді министр. 

Еуропа чемпионатына іріктеу турнирі аяқталғаннан кейін ұлттық құраманы жаттықтырған Магомед Адиев Шешенстанның «Ахмат» командасының бас бапкері қызметіне тағайындалған болатын. 

Сондай-ақ, Магомед Адиев 2022 жылдан бері Қазақстан құрамасының бас бапкері қызметін атқаруда. Содан бері 22 ойынның 11-де жеңіске жетіп, бір матчта тең ойнаса, қалғанында қарсыластарға есе жіберіп қойды.