Көз жасына ерік берген «Қайраттың» кішкентай жанкүйері стадионға ақыры кіре алмады (ВИДЕО)

Редактор
21.04.2024, 14:50

Полицейлер баланы жұбатқанымен, көмектескен жоқ

Instagram

ҚПЛ-дің бесінші туры аясында өткен «Қайрат» – «Ақтөбе» арасындағы матч төңірегінде дау басылар емес. Бұған дейін хабарлағанымыздай, ойынға жүздеген жанкүйер билеті бола тұра кіре алмай қалған еді. Олардың қатарында кішкентай жеткіншек те бар. Көз жасына ерік беріп, күзетшілерден қақпаны ашуды сұраған баланың видеосы әлеуметтік желіде кең тарап, қоғамның наразылығын тудырды.

Видеода мектеп баласы намыстан жылап тұрғанын айтады. Стадионды күзеткен полицейлер оны «жылама» деп жұбатқанымен, есікті бәрібір ашқан жоқ.

Әлеуметтік желіде аталған матчтың ұйымдастыру деңгейі өте төмен болғанын жазып жатқандар көп. Қолында билеті бар жүздеген (біреулер мыңдаған деп жазуда) жанкүйер қақпа сыртында қалып қойған. Ал, олардың орнында басқа адамдардың отырғаны айтпаса да түсінікті.

Ойынның өзі «Ақтөбенің» жеңісімен аяқталды, есеп – 3:1. Бұл нәтиже ақтөбелік клубты турнир кестесінің бірінші сатысына алып шықты. Ал, бұған дейін көш бастаған «Қайрат» төртінші орынға төмендеді.